Медицина қызметкерлері мерекесіне орай Семейде оңалту орталығы ашылды

Медицина қызметкерлері мерекесіне орай Семей қаласында цифрлық оңалту орталығы ашылды.

Енді 3D қондырғылардың көмегімен тұрғындар денсаулығын тексеріп, керекті ем-домдарын ала алады. Мәселен, инсульт алған науқастар мына жолақпен жүру арқылы ағзаның қанша бөлігі зақымдалғанын анықтай алады. Және барлық ақпарат автоматты түрде сақталып, оңалту шарасы аяқталғаннан кейін салыстырмалы түрде адамның қанша процентке жақсарғанын көрсетеді. Орталықтың игілігін халық міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тегін көре алады. Мекеме бір мезетте 150 адамға дейін қабылдауға қауқарлы.

Динара Оражанова, қала тұрғыны:

- Мен негізі Астанада операция жасағам, онда оңалту орталығы жоқ. Тек Семейде екен, мен соған риза болдым. Аяқтарым мүлдем сезбеді. Қазір Қанат ағаның арқасында ЛФК процедураларын алып, аяқтарымды сезініп, жан кіріп жатыр. Енді Құдай қаласа, аяққа тұрам ба деп үміттенемін.

Артём Боровиков, орталық директорының орынбасары:

- Бұл Қазақстан үшін жаңалық деуге болады. Тіпті әлем бойынша мұндай құрал-жабдықтар бір жерге топтасқан орталықтар некен-саяқ. Біздің мақсатымыз оңалту үрдісін тиімді ғана емес, қызықты етіп жүргізу. Мәселен, мына бала қазір ойын үстінде, алайда осы жаттығулар арқылы ем-дом қонып жатыр.