424,02 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматылық балалар хирургі туабітті ерін жырығына күрделі операция жасайды

  • 141
  • UPD: 08:06, 19.06.2021

Жауапкершілігі мол, жұмысы да жеңіл емес. Ортамызда маңызды саланы таңдап, қоғам үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан дәрігерлер көп. Солардың бірі бүлдіршіндерге күлкі сыйлап жүрген Нариман Сатылғанов. Балалардың туа біткен ерін мен таңдай жырығын емдеп жазатын Нариман сынды білікті мамандар елімізде санаулы ғана. Оның көмегіне көрші елдердің азаматтары да жүгінеді. 

Балалардың бас-мойын хирургі Нариман Жақсылықұлы 2007 жылы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетін тәмамдады. Сол кезден бері университет жанындағы «Ақсай» балалар ауруханасында жұмыс істейді. Ағзасында ақауы бар балаларды емдеп жазуды әуел бастан ақ өмірлік мақсаты етті. Ол туабітті ерін мен таңдай жырығына аса күрделі операциялар жасайды. Ерін тілігі емделіп, таңдайы тігілген балалар екі-үш күннен кейін қасықпен тамақтана алады.

Бақытжан Шайхина, қала тұрғыны:

- Тек осы кісіге тегін жасатып жатыр квотамен. Ешқандай қаражатсыз. Ешқандай ақшасыз. Өте жақсы дәрежеде бұл кісі барлық балаға  қамқорын созып, қол ұшын беріп жақсы көмек жасауда. Шынын айтсам, бір жыл бұрын келгенмін консультация алуға. Сол кезде бұл кісінің маған нақты-нақты айтқан сөздері қатты ұнап, Алладан дұға сұраумен болдым бір жыл осы кісінің сауабын сұрап. Барлық балаларында өте сәтті шығып жатты оталары. Және балама кеше жасаттым. Бүгін екінші күн болды жағдайы өте жақсы.

Нариман Сатылғановтың көмегіне көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мен Ресей азаматтары да жүгінеді. Өйткені дәл осындай маман табу қиын. Ол бір айда жүзге жуық операция жасайды. Өкінішке орай, туабітті таңдай жырығы мен ерін тілігі бар балалар саны көп.

«Ең бастысы, балаға деген мейірім, мамандыққа деген адалдық, шыдам керек» дейді дәрігер.

Нариман Сатылғанов, хирург:

- Жоспарда қазір микротия-терзия деген туа пайда болған ақау бар. Ол құлақ қалқаны жоқ балаларға. Сол операцияны кіргізудеміз. Соған қоса протокол бәрін дайындап біз план-жоспар бастайтын болсақ ол үлкен қадам ретінде санаймын. Келесі жылға қарай бізде прогения-прогнотия деген ақау бар. Ол мысалы жақтың дұрыс дамымауы. Соны Қазақстанға енгізсек деген ойдамын.

Ата-аналардың шексіз алғысын алып, ел ықыласына бөленіп жүрген бала дәрігері үнемі білімін арттырып, тәжірибесін шыңдайды. АҚШ, Италия, Франция елдеріндегі әріптестерімен қарым-қатынас жасап, емдеу әдістемелерін бақылап, жетілдіруді көздейді. Гиппократтың «Дәрігер - арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болу керек» деген нақыл сөзін кәсіби ұстанымы етеді.

Алмас Садуақас, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы