Киев қызығушылық танытса, қазақстандық вакцинаны Украинаға жеткізуге дайынбыз – Бақыт Сұлтанов

Украинадағы жұмыс сапары аясында өткізілген келіссөздер туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның мүддесін алға тарта отырып, Украина үкіметінің басшылығымен бірқатар кездесулер өткіздім. Украина Премьер-Министрі Денис Шмыгаль мырзамен екіжақты өзара іс-қимылдың барлық өзекті мәселелері бойынша пікір алмастық. Қазір барлық елдердің алдында басты міндет тұр, ол коронавирусқа байланысты жарияланған карантин шектеулерінен кейінгі өзара қарым-қатынасты жалғастыру. Бұл міндетке қол жеткізудің басты жолы – халықты жаппай вакциналау. Қазақстан COVID-19 коронавирусына қарсы өз вакцинасын өндіретін санаулы елдердің бірі болып табылады. Адамның аденовирустық векторлары платформасында жасалған біздің QazVac вакцинасы 96% астам тиімділікке ие. Киев қызығушылық танытқан жағдайда біз вакцинаны жеткізуді қамтамасыз етуге дайынбыз»,– деп жазды министр. Сондай-ақ ол QazVac вакцинасына жеткізу мүмкіндігін Украина Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Виктор Ляшкомен кездесуде де талқыланғанын айтты. «Экономикалық белсенділікті қалпына келтірумен өзара сауда көлемін ұлғайту мәселесі ерекше өзекті. Үкімет басшысын мемлекетаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша негізгі уағдаластықтармен таныстырдым. Олардың барлығы өзара сауда айналымын арттыруға бағытталған», – деп жазды министр.

Сондай-ақ...