Елордада медицина майталмандары марапатталды

Нұр-Сұлтанда үздік дәрігерлер марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Алтын шипагер» байқауына биыл мыңдаған үміткер қатысқан. Солардың арасында қара үзіп шыққан 17 маман бар. Шараға жауаптылар бүгін соларға құрмет көрсетті.

Еткен еңбек еш кетпей, 23 жыл бойы медбике болып жұмыс істеген жанға «Алтын шипагер" сыйлығы табысталды. Ауылдастардың бұл кісіге құрметі ерекше. Бас ауырып, балтыр сыздаса, жандарынан табылады. «Індет өршіген кезде бойымды қорқыныш биледі» дейді. Бірақ өлім мен өмірдің арасында жатқан науқастарды көргенде, әлгі үрей сейілген. Антқа адалдығы болса керек, кері шегінуге ары жібермепті.

Нұргүл Бекхожина, медбике:

Індеттің кезінде көз жұмған медицина қызметкерлеріне бас иемін. Неге десеңіздер, ол кісілер батыр болып аталды.

Рас. Бүгінгінің батырлары осы кісілер. Көзге көрінбейтін жаумен алысып жүріп, 50-ден аса медицина қызметкері бақиға аттанды. Олар өздерін емес, өзгелерді ойлады. Өзгелердің өмірін сақтап қалу үшін өлімнен де тайсалмады.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Қиын кезеңдердегі үстемақы төлеуге байланысты біраз көмектер көрсетілді. 180 млрд теңгеге дейін. Бұл қазан айына дейін жалғасады. Неге десеңіздер, әлі де күрес тоқтаған жоқ.

Күрес тоқтаған жоқ. Індетке қарсы тұрамыз деп қаншама маман әлі де үй көрмей, аяққа тік тұрып, қызмет қылып жатыр. Жанкешті жандар дерсің. Президент оларға «Қазақстанның Еңбек сіңірген дәрігері» атағын беруді ұсынды. Министрлік сол тапсырманы орындауға қазірден кірісіп кеткен.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Отандық медицина тарихында мұндай болмаған. Президент пәрменімен енді сала үздіктеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріледі. Біз биыл қажет құжаттарды жинап, ұсынысты әзірлейміз. Парламент мақұлдаса, тіпті жыл соңына дейін үздік деп танылған дәрігерлерге осы атақты беруді бастаймыз.

Бұл байқау жыл сайын өтеді. Биыл 17 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Арасында медбикелер де, күн сайын күрделі операция жасап жүрген біліктиі дәрігерлер де бар.

Еңбектің еленгені жақсы ғой. Бірақ елдің берген алғысына жетпейді. Анығында ақ халат киген әрбір жан осы сахнадан көрінуге әбден лайық.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Асхат Қарақойшиев