Ақтауда жарты ғасырға жуық тарихы бар маяк шамы жарқырады

Ақтаудағы жарты ғасырға жуық тарихы бар «Меловой» маягы қайта жарқырады. Қала әкімдігі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай маякты қайта жаңғыртты 

деп хабарлайды «Хабар 24».

Көпқабатты үйдің шатырында орналасқан мұнара теңіздегі кемелерге жол көрсетеді.

Сондай-ақ, мерейлі датаға орай шаһардағы тұрғын үйлердің нөмірлері жаппай жарықтандырыла бастады. Игі бастама кәсіпкерлер қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Алғашқы жарықтандыру 30 шағын аудандағы 30-шы үйден басталды. Тәуелсіздікке арналған тартуға үй иелері ерекше қуанды. 3 бірдей санның сәйкес келуін Мамаевтар отбасы жақсылыққа балады.

Сәрсенбибі Құрманбаева, қала тұрғыны:

– Қазақстанымыздың 30 жылдығына орай, 30 шағын аудан, 30-үй деп менің үйімнің тұсына 30 нөмірін  жағып қойып жатыр. Осы үйді құтты үй деп есептеймін.

30 жылдықтың ерекше тартуы – «Меловой» маягінің қайта жарқырауы. Әлемдегі санаулы нысанның бірі осыдан 10 жыл бұрын істен шыққан болатын. Ақмаржан Ақтаудың тұмарына айналған шамшырақ теңіз деңгейінен 73 метр биіктікте, тұрғын үйдің 11-ші қабатында орналасқан. Мұнараның жалпы биіктігі 10 метр. Каспийдің айдынында жүзген кемелерге 38 шақырымға дейін жарық түсіреді. Бір бағытқа ғана жарық бермей, 360 градусқа айналады.

Әбілқайыр Байпақов, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:

– Бұл нысанның жаңартылуына жаңғыртылуына бюджеттен ешқандай қаржы бөлінген жоқ.  Барлық қаржыны Ақтау қаласына қарасты мекемелер мен кәсіпкерлердің көмегімен жаңартылып отыр.

Уәлихан Төлеев, Гидрографиялық қызметінің бастығы:

– «Меловой» маягы 25425 әскери бөлімінің балансында. Заманауи ФСМ 03 диодты шамы орнатылып, қазіргі уақытқа дейін жасап келеді.

Қайта іске қосылған шамдардың тұрақты жанып, төтенше жағдайды болдырмас үшін нысанды 24 сағат әскери қызметкерлер күзетеді. Осылайша, жарты ғасырға жуық тарихы бар шамшырақ түнде теңізшілерге әскерилердің бақылауымен үзіліссіз бағыт көрсетпек.

Авторы: Әйгерім Ашықбаева, Ринат Дүйсалиев