Қызылорда облысында 2000 студент маусымдық жұмыспен қамтылады

Қызылорда облысында 2 мыңдай оқушы мен студент маусымдық жұмыспен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жазғы демалысын пайдалы іске жұмсауды жөн көрген жастар «Жасыл ел» жасағының қатарына көптеп қосылып жатыр. 16 мен 29 жас аралығындағы өрендер маусымнан қазан айына дейін тазалық жұмыстарымен айналысады. Қазіргі таңда еңбек жасағына қабылданған 300 сырбойылық саябақ, гүлзарларды көркейту-көгалдандыруға қолқабыс етіп жүр. Көбі бағдарламаның тұрақты қатысушылары. 2016 жылдан бері жүзеге асқан жобаның тиімділігі айқындалып, ауқымы да кеңейіп келеді. Өйткені сабақтан босаған жастардың басым бөлігі жұмыс істеп, ақша табуға ынталы.

Нұрдәулет Бекарыстанов, «Жасыл ел» еңбек жасағының бригадирі:

- Оқушылар мен студенттерді біз әлеуметтік желі және таратпа материалдар арқылы жинақтадық. Жалақысы 55 250 тг құрайды. Келіп жаңа ортамен танысады, жаңа дос табады. Көп келіп жатыр негізі.