Елімізде 20 ірі көпбейінді аурухана салынады

Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 20 ірі көпбейінді аурухана салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде 4 клиника жетекші медициналық университеттер жанынан бой көтермек. Бүгін Үкімет басшысы Асқар Мамин Біріккен университет ауруханасының құрылыс алаңына барды. Онда денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың жаңа стандарттарын енгізу мәселелері қаралды. «Астана медицина университеті» жанындағы жаңа емдеу мекемесі халықаралық стандартқа сай жұмыс істейтін болады. Жоба 2 жылдан кейін іске асырылмақ.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Мемлекет басшысы Қазақстан бойынша 20 көпбейінді аурухана салуды тапсырған болатын. Онда жоғары деңгейлі медициналық қызмет көрсетілуі қажет. Бүгін сол нысандардың қауіпсіздік пен сапа стандарттары бекітілді. Үкімет басшысына жаңа технологиялар ұсынылған шоурумды көрсеттік. Алдағы уақытта елде жоғары білікті мамандар тартатын боламыз.