424,02 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында ковидтен өлім-жітім азаймай тұр

  • 155
  • UPD: 18:45, 20.06.2021

Пандемия басталғалы Павлодар облысында коронавирус жұқтырған 210 адам көз жұмған. Көбінің басқа да созылмалы ауруы болған. Қазір өңірде ахуал тұрақтанғанымен инфекцияның салдарынан келетін өлім-жітім азаймай тұр. Тұрғындар вакцина алып жатыр. Алайда вакциналау қарқыны әлі де баяу. 

Өткен жылдың осы кезеңінде тек өңірдің емес, еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін оңай болған жоқ. Облыста ауру жұқтырғандар саны күрт көбейіп, инфекциялық стационарлар санаулы күнде толды. Салалық емес медициналық мекемелер жанынан провизорлық госпитальдер мен бөлімшелер ашылды. Ал дәрігерлер инфекционист мамандығын игерді.

Гүлмира Шәкірова, облыстық кардиологиялық орталығы директорының орынбасары:

- Біз бірнеше сағаттың ішінде ашылдық. Базамызда 145 төсек-орын, 12 жансақтау орыны жасақталды. Алғашқы екі аптаның ішінде орындар толып қалды.

Коронавирустың екінші толқынына дайындық тыңғылықты болды. Ауруханалар жанынан 2,5 мыңнан астам төсек-орын алдын ала жасақталды. Ал шипажайлар мен профилакториялық мекемелерде қосымша орындар дайындалды. Стационарлар мен госпитальдер оттегі нүктелерімен қамтылды. Нақтырақ айтқанда, 11 оттегі станциясы салынып, 400-ге жуық жасанды демалу аппараты мен 10 компьютерлік томограф іске қосылды.

Айдар Сейітқазинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Саланы қаржыландыру үш есеге ұлғайды. 12 млрд теңгеге жетті. 2020 жылдың күзінде пандемиямен күрес күшейтілді. Біз медициналық кадрларды тартудың жоспарын әзірлеп, іске асырдық.

Павлодарда жаңа медициналық орталық ашылды. Шұғыл көмек бөлімшесінің мамандары жоспарлы және жедел түрде түскен науқастарды қабылдайды. Олар триаж-жүйе бойынша іріктеледі. Жыл басынан бері 17 мыңнана астам адамға көмек көрсетілген.

Айдана Зейтенғазина, шұғыл медициналық көмек бөлімінің дәрігері:

- Бұл жерде ПИТ-палаталар, шұғыл операция блоктары бар. Кезекші дәрігер, реаниматологтар әрдайым жұмыста. Көмекке жылдам келеді.

Бұл модульдік орталық. Заманауи мекеме тиісті құралдармен жабдықталған, маман жеткілікті. Мамандардың айтуныша, жағдайды бақылау қиын. Ауру кез келген уақытта өршіп кетуі мүмкін. Өйткені халық вакциналауға әлі де немқұрайлы қарайды.

Мүслім Солтанов, инфекциялық орталықтың бас дәрігері:

- Коронавирусты вакцина алған адам да жұқтыра алады. Инфекцияны жұқтырса да дертті жеңіл жеңеді. Бұны ұмытпаған жөн.

Өңірде халықты иммундау барысы көңіл көншітпейді. Күн сайын мыңнан астам павлодарлық вакцина салдырып жатыр. Алайда бұл аз. Мамандар көрсеткіш екі-үш есе көп болуы керек дейді. Бүгінде жүздеген маман індетпен күресіп, тынымсыз еңбек етуде. 

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы