Петропавлдағы балабақшада арнайы сауықтыру бағдарламасы енгізілген

Петропавлдық балғындар таза ауада шынығады. Қаладағы балабақшалардың бірінде тәрбиеленушілерге арнайы сауықтыру бағдарламасы енгізілген. Сөйтіп, бүлдіршіндер былтырдан бері далада жаттығып, салауатты өмір салтын ұстанып келеді.

Далада 30 градустық ыстық. «Ақкөгершін» балабақшасының тәрбиеленушілері таза ауаға шықты. Ең алдымен олар шынығу жолағынан жүріп өтеді.

Александр Смирнов, балабақша тәрбиеленушісі:

- Біз мұнда ағаш түбірінің, тастың үстімен жүреміз. Ыстық. Содан соң аяғымызды салқын суға батырамыз. Бұл денені шынықтырады.

Бұл жер бұрын бос жатқан. Былтыр балабақша ұжымы оны абаттандырып, қолда бар бұйымдардан денсаулық бұрышын жасап шығарды. Содан бері балалар аз ауырады.

Арай Жұмақызы, балабақша тәрбиешісі:

- Бұл балалардың денсаулықтарына өте пайдалы. Денелері шынығады. Орысша айтқанда «закаливание» деп айтады ғой. Сондықтан осындай әртүрлі жаттығулар бойынша су арқылы балалардың денелерін шынықтырамыз. Күнде осындай жұмысты жүргізіп отырамыз. Балаларға өте пайдалы, қызықты. Бұл балабақшаға 200 бүлдіршін барады. Қазір көбі демалыста. Ал мына балғындарға таза ауада шынығу әдетке айналған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов