Шымкентте жүздеген адамға сәтті операция жасаған кәсіби нейрохирург тұрады

Медицина ғылымының дамуы дәрігерлердің үнемі ізденісте жүруін талап етеді. Заман сұранысына сай болып, білікті маман болып қалыптасу үшін әуелі өз ісіңе деген сүйіспеншілік болуы тиіс. Жоғары санатты нейрохирург, «100 жаңа есім» тізіміне кірген Мыңжылқы Бердіқожаев осылай дейді. Еңбек өтілінде жүздеген науқасқа сәтті операция жасап, жаңа технологияны игерген еңбек адамы Шымкентте қызмет етеді. 

- Әрбір адамның өмірінде жұмыс таңдайтын кезеңдері болады. Өзім үшін сол таңдауды орта мектепте оқып жүрген кезде жасадым. Медицина қиын болғандықтан ол қызық болғандықтан.  

Осылайша жас маман тынбай талаптанып, дарынды дәрігер, шын шеберге айналды. Қазір жаңа инновацияны игеріп, оны отандық медицинаның дамуына қолданып жүр. Нәтижесінде иненің ұшындай ғана тесікпен тіліксіз операция жасау мүмкіндігі туды. Бас сүйегін ашпай тамырішілік операцияларды дәрігерлер сәтті жүзеге асыруда. 

Мыңжылқы Бердіқожаев, нейрохирург: 

- Біздің Қазақстанда біраз клиникаларда жасанды интеллект ендіріліп жатыр. Енді қазір Шымкент қаласына алдымен екі ауруханаға біз сондай бағдарламаны енгізейін деп жатырмыз жоспарлап. «Церебра» деген программа жақын арада орнатылады. Ол программа инсульттің диагнозын дер кезінде қысқа уақытта және нақты қойып беруге бізге мүмкіндік береді. 

Қазір Шымкент қаласындағы №2 көп бейінді аурухананы басқарып отырған маман күрделі операцияларды өзі жасайды. Жүйелі жоспардың аясында нейрохирургия деңгейін көтеріп, мегаполистің медицина туризімін қалыптастырмақ ниетте.

Мыңжылқы Бердіқожаев, нейрохирург: 

- Қазіргі таңда осы өңірде Шымкент қаласында халықтың медицинаға деген сенімін қайтарып, сыртқа кетіп жатқан науқастардың барлығын Шымкент қаласының аясында емделетіндей қылып, осы озық заманауи технологияларға сырттан науқастарды тарту. Медициналық туризмнің бағытын өзгерту болып табылады.

Мыңжылқы Бердіходжаев медицина қызметкері күнінде өз әріптестерін құттықтауды ұмытпады. Дәрігерлер мен медбикелерді арнайы алғыс хатпен марапаттап, жергілікті биліктің тағайындаған төсбелгісін тарту етті.

Жақсыгүл Сүлейменова, акушер-гинеколог:

- Ауырып тұрған адамды сөзбен болса да, қиналып тұрған жанды арашалау үшін қызмет етеді. Сондықтан жыл бойына үздіксіз еңбек жасап жатқан медицина қызметкерлері барлық деңгейде осы күнді ерекше күтеді.

Марапат алып марқайған медицина қызметкерлері құттықтауды ерекше қабылдады. Бұл жұмыс көрсеткішінің еленгені ғана емес, емдеу тәсілін жетілдіруге ынталандырады дейді. Сөйтіп, аурухана ауласына жылдағы дәстүрді жалғастырып, ағаш көшеттерін отырғызды. 

«Алдыма келген науқастың жағдайын толықтай өз мойныма алсам, оның өмірі үшін соңына дейін күресемін» деген Мыңжылқы Бердіходжаев әлі де оқу мен ізденістің үстінде. Әлемнің әр аймағындағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, хат жазысып тұратынын айтады. Ел медицинасына елеулі үлес қосуды ойлаған адам озық тәжірибелерге сүйеніп, талмай талпыну керек деп санайды. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов