Марико Китамура: Қазақстанды қимаймын

«Астана Опера» театрының артисі Марико Китамура балеттегі кәсіби мансабын аяқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өнерпаз  туған елі Жапонияның Токио қаласына оралмақ. Енді ол өзі қызмет еткен опера театрына тек көрермен ретінде келеді. Балет әртісі Қазақстанды, әріптестерін қимайтынын айтады.

Марико Китамура қазақтың етін, әсіресе қазысын жақсы көреді екен. Тілі келмесе де, қазақша бірнеше сөзді жаттапты. Ол «Астана Опера» театрында 8 жыл табан аудармай еңбек етті. 36 жастағы жапондық әртіс қазақ балетіндегі кәсіби мансабын абыроймен аяқтап отыр. Туған еліне оралатын болса да, көкейінде бір қимастық бар. Оны сұхбат барысында бізге ашып айтты.

Марико Китамура, балет әртісі:

«Астана Опера» театры Қазақстан мәдениетінің бет-бейнесіне айналды. Мен осындай ерекше ортаның бір бөлшегі болғанымды мақтан тұтам. Бақыттымын деп айта аламын. Осы театрда жұмыс істеген жылдар ішінде мен сахнада театр репертуарындағы жеке партияларды, барлық  спектакльдерде биледім. Еліме қайтам дегенмен, әріптестерімді, елорданы қимаймын. Енді тек саяхаттап келетін боламын.

Марико өте еңбекқор, білікті биші дейді әріптестері. Әсіресе, өзінен кейінгі ізбасарларына бар білгенін үйретіп, жол сілтеп отырады.

Ғұмар Сұлтанбек, балет әртісі:

– Марико сияқты өз ісінің маманымен бірге жұмыс жасағанымызға қуаныштымын. Өз ісінің шебері. Өте еңбекқор. Әрқашан жұмыста, одан тыс болсын өз көмегін көрсетіп, бізге ақылын айтып жүрді. Қимаймыз енді. Осындай шебер маманмен қоштасатынымызға қиналып тұрмын.

Балерина мұндағы достарын, көрерменін қимайды. Ал қазақ балетіне елеулі үлес қосқанын мақтанышпен еске алатын болатынын айтты. Токиоға оралғанда бұл кәсібінен қол үзбейтінін айтады. Болашақ жас бишілерді дайындамақ.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшы