Қызылорда облысында 35 жыл бойы қызмет етіп тұрған су диірмені бар

Қызылорда облысында 35 жылдан бері ұн, талқан тартып, игілікке жарап тұрған су диірмені бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көнекөздердің айтуынша, Жаңақорған ауданындағы Бесарық өзінінің бойында осыдан бір ғасырдай бұрын алпыстан астам осындай гидроэнергетикалық құрылғы болған.

Аты айтып тұрғандай, су диірменінің тасы ағын судың күшімен айналады. Марат Орынбасарұлының әкесі бұл дәнді-дақылдарды өңдейтін құрылғыны осыдан 35 жыл бұрын жасаған екен. Содан бері ауыл игілігіне жарап тұр. Қаратаудағы Басарық өзенінің бір тармағына қойылған су диірменінің өнімі қалдықсыз, экологиялық таза әрі құнарлы.

Марат Орынбасарыұлы, Басарық ауылының тұрғыны:

– Бұны қабығымен тартады. Бидайдың витаминінің бәрі қабығында. Бұның наны қатып қалмайды ешқашан. Өте жұмсақ болады. Көпшілік қант диабетіне деп көп алады.

Электр қажет емес. Шығыны жоқтың қасы. Дегенмен, мұндай диірмен жасауға кез-келген тас жарамайды. Оны шеберлер тау арасынан таңдап алады екен. Су диірменінің үстіңгі тасының өзі 250 келі болады. Ал астыңғысы жарты тоннаға дейін жетеді. Бұл диірмен тоқтамай 1 күн бойы жұмыс істейтін болса, 1 тонннаға дейін ұн шығаруға қауқары бар.

Тарихқа үңілсек, Жаңақорған ауданының аумағы Қаратау бөктеріндегі Бесарық өзенінің бойында осындай ондаған диірмен жұмыс істеп тұрған екен.

Үмбет Абибуллаев, білім саласының ардагері:

– Басарық өзенінің бойында 62 су диірмені болған. 1929 жылы Қазан революциясы орнап, колхоздастыру кезінде осы диірмендердің барлығы түгелдей қиратылған. Бертін келе, совхозға пайдалануға, ауыл шаруашылығы елді мекендерінің қызметі үшін деп сол диірмендердің 4-5-і қайта іске қосылады.

Марат Орынбасарұлының әкесі аманаттап кеткен бұл диірмен сол баяғы көне су диірмендерінің үлгісіне сәйкес келеді. «Ұн, талқан тартып, төрт түлікке жем дайындаудың ескі әрі тиімді әдісін тау бұлағына жақын отқан, табиғаты келісті жерлердегі өзге де шаруашылықтар кеңінен қолданса, пайдасы орасан»,– дейді қожалық төрағасы.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов