Асқар Мамин Үкіметтің биылғы негізгі міндеттерін атады

ҚР Үкіметі 8 трлн теңгеге 415 инвестициялық жобаны іске асыруды көздейді.

Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында премьер-министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша Үкіметтің алдында экономика өсімін 3,5-4,0 процент деңгейінде қамтамасыз ету және 1,2 млн адамды жұмыспен қамту шараларын іске асыру міндеті тұр. Бұл халықтың нақты табысын 5 процент арттыруға мүмкіндік береді. Үкімет сонымен қатар 8 трлн теңгеге 415 инвестициялық жобаны іске асыруды көздеп отыр», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының айтуынша, биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, 200 мектеп салу және 30 медпункт ашу, 6 мың шақырым автожол жөндеу және салу, халықты ауыз сумен қалада 98 процент және ауылда 91,8 процент қамтамасыз ету жоспарланған.

«Агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін пайдалану үшін 1 050 шақырым каналды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл суарылатын жерлерді 78 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді премьер-министр.