Алматыда субұрқақта тоқ соққан анасы мен қызы жансақтау бөлімінде жатыр

Алматыда субұрқақта тоқ соққан 8 жастағы қыз бен оның анасы жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлердің айтуынша, әйелдің жағдайы өте ауыр.

Ал, екі қыз баланың жағдайы орташа. Айта кетейік, бұрнағы күні цирк ғимаратының алдындағы субұрқақта үш адамды тоқ соққан. Алдымен екі бала суға түскен екен. Оларды құтқармақ болған әйелді де тоқ ұрған. Қазір осыған қатысты тергеу жүріп жатыр.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Үш адамды бірдей тоқ соққан осы субұрқақ. Қазір өшіп тұр. Екі баланы ертіп серуендеп жүрген ана осындай қиын жағдайға ұшыраймын деп тіпті ойламаса керек. Ол субұрқаққа түсіп, тоқ соққан екі қызды құтқармақ болып жанұшыра ұмтылған.

Оның біреуі өзінің, екіншісі танысының қызы. Жас шамалары 8-10 да. Қазір 28 жастағы әйелдің жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Ал, екі баланың денсаулығы орташа ауыр күйде.

Лаура Мырзағали, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Әйел адам қазір Орталық клиникалық қалалық ауруханада жатыр. Реанимация бөлімінде. Жағдайы өте ауыр. Екі баламыз, қызымыз 10 жаста. Оның жағдайы орта деңгейде. Кеше реанимациядан бөлімшеге ауыстырды. Екінші қызымыз әлі реанимацияда. Бүгінгі жағдайын бақылап қараймыз дәрігерлердің бақылауында. Ертең мүмкін ауыстыруымыз мүмкін.

Оқиғаны көзбен көргендердің бірі – Үкіләй Бестай. Ол да сол маңда балаларын қыдыртып жүрген. Үш бірдей адамды тоқ соғып жатқанда оларды құтқаруға көпшіліктің жүрегінің дауаламағанын айтады. Тек бір жас жігіт атырылып шығып, көмекке ұмтылған.

Үкіләй Бестай, қала тұрғыны:

- Негізі көп адам жүрді. Бірақ ешкім келе қоймады. Сол кезде Абылай деген бала жүгіріп келіп, Жадыра деген бір қазақ қыз болды, соны бірінші шығарып алды. Соны бірінші шығарып жіберді. Қалшылдап, дірілдеп, шок алған. Анасы қырынан жабысып жатыр. Оны шығара алмай қиналды. Өзі есеңгіреп барып, өзін сілкіп- сілкіп тастап қайта барады. Әйтеуір оны шығарды. Соңында кішкентай қыз қалды. Абылайдың оған күші жетпеді. Сол кезде сырттан бір кісі келді де оңай шығара салды. Ол кісіні тоқ ұрмады-ау деймін.

Алғашқы медициналық көмекті сондағы жұртшылық көрсетіпті. Үкілай жас жігіттің есімін кейін білгенін айтады. Ол 19 жастағы студент Абылай Балапанов болып шықты. Ал, қаладағы субұрқақтың күтіміне жауапты мекеме онда ешқандай техникалық ақаудың болмағанын айтып отыр. Субұрқақты сол күнгі кезекші маман оқиғаға дейін тексеріп шыққан. Оның үстіне адамдар «суға түсуге болмайды» деген тақтайшаны ескермегенін айтады.

Жанна Асанова, «Eco Almaty» ЖШС басшысы:

- Сол күні біздің қызметкер жұмысына сәйкес субұрқақ қосылған кезде өзінің күнделікті жұмысына сәйкес біздің қызметкер фонтанның ішіне кірген. Ішін тазалаған. Субұрқақ техникалық жағынан істеп тұрған болатын. Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасы мен Алматы жарық және «Eco Almaty» мекемесі субұрқаққа барып тексеру жүргізді. Бірлескен тексеру техникалық ақауларды анықтамады.

Бұл субұрқақ 1972 жылы салынған. Аумағы мың шаршы метрге жуық. Екі тостағында су атқылайтын 26 қондырғысы бар. Сондай-ақ кернеуі 220 вольт болатын суасты сорғылары орналасқан. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Егер тараптар кінәлі болған жағдайда 5 мың айлық есептік көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Не болмаса 1200 сағат түзеу жұмыстарына тартылып, тіпті бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев, Кенде Әміреев