Қостанай облысындағы Первомай ауылында малдан құтыру ауруы шықты

Мамандардың айтуынша, 360-қа жуық ірі қара ұстайтын шаруашылықтың біріне түлкі немесе қарсақ кіріп кеткенге ұқсайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жабайы аңның тісі тиген екі сиырдан алынған сараптама олардың құтыру ауруына шалдыққанын растады. Қазір шаруа қожалығында шектеу шаралары енгізілген. Ол 21 күнге созылмақ. Енді барлық мал арнайы белгіленген аумақ ішінде жайылады. Сонымен қатар елді мекеннен ет өнімдерін шығаруға да тыйым салынған. Ауру малмен бір табында болған ірі қаралар ветеринарлардың бақылауына алынды.

Бауыржан Бекет, Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

- Шаруашылықта індеттің ошағы толығымен жойылды. Қажетті вакциналар жасалынды. Дезинфекция жұмыстары жасалынды. Өлген малдар өртелді. Енді тек қалып отырғаны қағаз жүзінде ғана анықталған екі бастың төлемақысын төлеу керек.