ШҚО-да Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бизнесті дамытуға 1,5 млрд теңге бағыттады

Шығыс Қазақстанда бизнесті дамытуға екі миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қаржыны «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы ісін жаңа бастағандар мен жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер ала алады. Нақты нәтижеге бағытталған бағдарламадан қаржылай қолдау көріп, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер бар.

Олжас Керейхан, тілші:

- Ердани Нұрлыбековтың негізгі мамандығы компьютерлік бағдарламашы. Дегенмен, бала кезінен техникаға әуес. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң көлік жөндеуді әкесінен үйренген. Алайда қызмет көрсететін нысан мен құрал-жабдық алуға қаржы қолбайлау болған. Ол осы тұста Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгінеді. Қор жас кәсіпкердің бизнес-жоспарын мақұлдаған. Нәтижесінде жеңілдетілген процентпен 8,5 миллион теңге алды.

Ердани Нұрлыбеков, кәсіпкер:

- 6 ай көлемінде жеңілдік уақытын алдым. Ол қазіргі кезде мен жұмысты дереу бастамадым ғой. Құралдар қойылды. Ақырындап басталды. Клиенттер базасы жаңаланды. Соның барлығы өте көп уақыт. Көмегі бар.

Жас келсе, іске. Бүгінде кәсіпкер тағы 5 адамға тұрақты жұмыс беріп отыр. Олардың да табысы жоғары. Ай сайын еңбекақыға аз дегенде 150 мың теңге алады. Ал жылдық үстемақысы 6%-тік несие ай сайын тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді.

Ержан Тұрыспеков, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Шығыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары:

- Мемлекет тарапынан бізге 2 миллиард 292 миллион бізге бөлініп отыр. Оның ішінде 1 миллиард ақшаны біз ауылдағы бизнесмендерге бердік. 1,5 миллиард қаладағы бизнесмендерге арналған.

Несие алуға қазір өтінімді онлайн беруге де болады. Кепілдік үшін қоятын қозғалмайтын мүлкіңіз қалада ма, ауылда ма, оған қарамайды. Тек құжаты дұрыс болуы керек. Тек биыл қордың қаржылай беретін займдарын шығыста 547 кәсіпкер алған. Бүгінге дейін 1,5 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесі рәсімделген.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов