424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Күршім ауданындағы егістік жартылай қурап жатыр

  • 134
  • UPD: 22:04, 21.06.2021

Күршімдегі 5 ауылдың аңқасы кеуіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі осы көктемде Күршім өзеніндегі «Мойнақ» бөгеті жырылған. Жазықтағы бау-бақша мен егістік және мал мен жан сол бөгеттен су ішеді.

Қазір каналдардағы судың деңгейі өте төмен. Тіпті егістік жартылай қурап жатыр.

Олжас Керейхан, тілші:

- Күршім өзеніндегі бөгет жарылған соң көмейдегі судың деңгейі де төмен. Өзен негізгі арнасына түсіп, арындап жатыр. Көмейдегі шлюзді көктемде топырақ пен ағаш басып қалған. Ал «Мойнақ» бөгеті 2017 жылдан бастап «Қазсушар» мекемесінің иелігінде. Шаруалар бөгеттің жарылуын осы мекеме басшыларының салғырттыған көріп отыр.

Ержан Қойлыбаев, шаруашылық жетекшісі:

- Су бөгетінің жарылуына «Қазсушар» кінәлі. Қазір олар ешқандай шара қолданған жоқ. Жөндеу техникалық жұмыстарын жүргізген жоқ. Мұның алдында да 2-3 жыл бұрын айталған. Бірақ бұған ешқандай шара қолданылмады.

Шара қолдану үшін қазір осы бөгеттен су алатын диқандар мен шаруалар шырылдап жүр.

Олжас Керейхан, тілші:

- Жауағашты деп аталатын мына канал бастауын Мойнақ бөгетінен алады. Алайда осы көктемде су тасқынында бөгет жарылып кеткендіктен қазір каналдағы су жыбырлап қана ағып жатыр. Судың деңгейі төмен түскені соншалық, қазір төмендегі бірнеше мың гектар егін алқабының да аңқасы кеуіп жатыр.

Мейрамбек Әсенов биыл 200 гектар жерге егін еккен. Күнбағыс салған 40 гектар жердің қазір шаңы шығып жатыр. Ал басқа алқаптағы жоңышқа мен көпжылдық шөпте қурай бастаған.

Мейрамбек Әсенов, шаруашылық жетекшісі:

- Міне, су болған жағдайда мына күнбағыс мөлшері 50 сантиметр шығып қоюы керек болатын. Қырда салынғанына рекультивация жасап тастадық. Мынау су жоқтыған әлі тұр, міне. Биыл мынадан үміт жоқ.

Оралтай Ниетбаев соңғы бірнеше жылдан бері қызнақ өсіруге ниеттеніп жүр. Былтыр 120 тонна өнім алыпты. Биыл да бес жарым гектар жерге қызанақ отырғызған. Алайда су тапшылығынан көшеттер сола бастаған.

Оралтай Ниетбаев, шаруашылық жетекшісі:

- Арықта торғай ішетін су жоқ. Бір апта бұрын су ішті одан соң су келмеді. Күнде таңертең Көмейде жүрміз баяғы. Енді бір 3-4 күн болса болды деп ойлаймын. Күйіп кете ме деймін.

Шаруалар «Қазсушар» мекемесінен суды сатып алады.Кейбір диқандар биыл қаржысын төлеп қойса да, суға қолы жетпей жүр. Тіпті биылдан бастап судың тарифі де көтерілген.

Ержан Қойлыбаев, шаруашылық жетекшісі:

- Былтыр гектарына 900 теңгенің көлемінде. Биыл 2355 теңгеге көтеріп отыр. Жылда негізсіз көтереді.

«Мойнақ» бөгеті мен сол жердегі шлюз 2004 жылы толық жөндеуден өткен. Оған жауапты «Қазсушар» мекемесінде бүгінде пәрмен болғанмен техникалық дәрмен жоқ. Жарылған бөгеттің қашан қалыпына келетінін және қанша қаражат керек екенін мекеме мамандары да білмейді.

Дидар Сәкетаев, «Қазсушар» РМК облыстық филиалы күршім өндірістік учаскесінің басшысы:

- Жарылған бөгет қаражат болса бөгеледі. Енді негізінде бөгелетін мүмкіншілік жоқ. Жобасы түк жоқ. Мынау таяуда жарылған. Ол үшін бәрін қарап зерттеп, қанша керек екенін білмеймін.

Судың каналға кететін сағасы мен өзеннің табанын тереңдету үшін Күршім аудан әкімдігі бір экскаватор жіберген. Шаруалардың бәрі қазір сол ауыр техниканың бұзылмауын тілеп, өзен жағалап жүр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы