Павлодарда қыз зорлады деген күдікпен полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Павлодар облысында жоғары лауазымды полицей 22 жастағы азаматшаны зорлады деген күдік бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл оқиға жайында жергілікті құқық қорғаушылар әлеуметтік желілерде хабарлаған. Олардың айтуынша, зардап шеккен әйелді полицейлер үйін тінту шарасынан кейін жалдамалы пәтерге алып кеткен. Сонда үркітіп-қорқытып, зорлаған. Осы жағдайдан кейін азаматша полицияға шағым түсірген. Облыстық полиция департаментінің өкілдері бұл дерекке қатысты қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тергеуді бастап кеткен. Бұдан өзге ақпарат таратылмай жатыр.

Елена Семенова, құқық қорғаушы:

- Сол сәтте қылмыс құрамы болса, 22 жастағы азаматша күдікті болар еді. Неліктен бірден ұсталмағаны белгісіз. Тек 10 күн өткен соң полицияға шағым жазған соң ғана құрықталды. Төрт ай бойы тергеу жүргізіліп жатыр. Білуімше, бірқатар сараптама тағайындалған. Нәтижесінде сол тәртіп сақшысының іздері табылған.

Жандос Орынбаев, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120 және 362-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады.