Атыраудағы Құрманғазы ауданының ауылдары суды үнемдеуге мәжбүр

Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданының 4 елді мекені ауыз суды сағаттап алуға мәжбүр. Аптап ыстықта тіршілік нәрінен таршылық көрген тұрғындар суды барынша үнемдеуге тырысады. Құбырдан күдер үзгендер өз ауласынан құдық қазып алған. Ал кейбірі көлік жалдап су тасып келеді. Былтыр Құрманғазы ауданы орталығының іргесінен өтетін «Астрахан-Маңғышылақ» топтық су құбырынан 14 шақырым құбыр құрылысы басталған болатын. Алайда ол жоба әзір аяқталар емес.

Самаркін ауылының тұрғыны Бақыт Жүнісқалиева кірді қолмен жуып, ауладағы көкөністерді шелектеп суарады. Себебі суды артық төгуге болмайды. Бұрын орталық құбырдан тамшылап болса да тіршілік нәрі таматын. Биыл ол да жоқ.

Бақыт Жүнісқалиева, ауыл тұрғыны:

- Жазғы уақытта балаларды жуындырамыз, кірін жуамыз деген уақытта егін суарамыз сол кезде қиын боп тұр. Суды водавозбен құйдырамыз. Кейде жүрсе, кейде жүрмейді ол да. Күнде сарқырап жатқан су жоқ. Барлық халықтың сол жағдайы. 

Бір қызығы, осы Құрманғазы ауданы ең сулы өңір саналады. Бірақ осы мол судан құбыр жүргізу қолға алынбағандықтан тұрғындар бақшаға да, басқа қажетіне де тек ауыз суды пайдаланып келеді.  Жекеменшік су таситын көлігі барлар халыққа ауыз суды тасып беруді кәсіп еткен. Бір көлік судың бағасы 3 мың теңге. 

Сұңғат Қажыбеков, су тасушы:

- Осы водовоздың арқасы сонымен күнелтеміз. Былай құбырдан су жүрмейді. Давление болмайды жазда. Су сұраушылар көп. 10 рейс онан да көп болады кей кездері. Үлгіргенше жүремін. 

Былтыр аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту мақсатында іргеден өтетін «Астрахан-Маңғышлақ» топтық су құбырынан ауылдарға ауыз су тарту жобасы қолға алынған болатын. Бірақ оның құрылысы ұзаққа созылып кетті. Жергілікті билік енді басқа тәсілдерін қарастырып жатырмыз деп сендірді. 

Нұрлыбек Қалиев, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары:

- Теңіз ауылы, Ақкөл және Байда ауылдарына жазғы су құбырын жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттамасы дайын. Дегенмен, оған қаржы бөлінуі уақыт еншісіндегі нәрсе болғандықтан басқа бір әдіспен осы сусыз отырған ауылдарға су беруді ұйымдастырып жатырмыз. Ол осы 10-15 күнде ішінде шешіледі. 

Аудан тұрғындары тәулігіне шамамен 2,5-3 мың текше метр су тұтынады екен. Оған қазіргі тозығы жеткен су тарату қондырғысының қуаты жетпейді. Салдарынан көптеген ауылдар аптап ыстықта тіршілік нәрін сағаттап күтуге мәжбүр. Ендігі үміт, жыр болған 14 шақырымдық ауыз құбырының құрылысы. Ол тамыз айына қарай пайдалануға берілуі мүмкін. 

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин