Биыл өтетін ұлттық халық санағына азаматтар онлайн қатыса алады

 Ел тарихында мұндай тәжірибе алғаш рет қолданылмақ. Ол қалай жүзеге асады? Санаққа дайындық кезеңі қалай өтіп жатыр?

Қазір ел бойынша Дулат сынды 6 мың адам үй-үйді аралап ұлттық санаққа дайындал жүр. Сол арқылы олар қала, аудан, ауыл және бір үйде нақты қанша адам тұратынын есептейді. Әзірге қоятын сұрағы көп емес. Екі сауалға жауап берсеңіз жетіп жатыр.

Дулат Өсербаев, Ұлттық халық санағы 2021, интервьюер:

- Планшетке үй иесінің аты-жөнін және пәтерде қанша адам тұратынын енгіземіз. Тұрғын пәтердің иесі ме әлде жалдап тұрып жатыр ма оны да нақтылаймыз. Пәтермен қатар мұнда жатақхана, жұмыс нысаны және жеке үй екенін көрсетеміз.

Дайындық кезеңі маусымның 30-на дейін жалғасады. Осы аралықта жиналған мәлімет бойынша әр аудандағы тұрғынның саны есептеліп, соған сай интервьюерлер бөлінеді. Негізгі санақ 1 қыркүйекте басталып, екі айға жалғасады. Алғашқы 45 күнде тұрғындар санақтан онлайн өтуге болады. Ол үшін sanaq.gov.kz  сайтына кіріп, қажетті сұрақтарға жауап беруі тиіс. 

Олжас Сайлаубекұлы, Ұлттық халық санағы 2021 ресми өкілі:

- Халық санағы деген ол халықтың санын санау емес.  Бұл жерде көптеген сауалдар қойылады. 87 сұрақ. Оның ішінде әртүрлі бағыттағы сұрақтар. Мысалы, азаматтардың өзінің жеке басына қатысты сұрақтар. Ұстанатын діні, қанша тіл білетіні, болашақтағы жоспарына да қатысты сұрақтар бар. Осындай жан жақты деректер, мемлекетке және облыс аудандарға жан-жақты ұзақ уақытқа жоспар жасауға мүмкіндік береді. Бұл жерде бүкіл республикалық әлеуметтік сауалнама деп айтуға болады.

Санақтың негізгі кезеңін өткізуге 27 мың адам қатысады. Басым бөлігі үй аралап сауалнама алатындар. Олар арнайы дайындықтан өткен. Бірыңғай киім және планшетпен жабдықталады. Еңбек келісімі арқылы 30 күн жұмыс істейді. Жүз мың теңге көлемінде жалақы алады. Интервьюерлерге қойылатын талап көп емес. 18-ге толған кез келген азаматың мүмкіндігі бар.

Олжас Сайлаубекұлы, Ұлттық халық санағы 2021 ресми өкілі:

- Интервьюерлер азаматтардың жеке мәліметтерімен жұмыс істейді. Оны шет жаққа жариялап жіберсе қалай болады деген сияқты. Бұған қатысты айтарымыз. Еңбек шартынан бөлек қосымша, жеке мәліметтерді жария етпеуге келісіп қол қояды. Сонымен қатар Интервьюерлердің қолындағы планшет арнайы санаққа арналған бағдарламамен жабдықталған. Арнайы симкасы бар. Ол мәліметтерді Ви-Пи-Эн арқылы орталық базаға жіберіп отырады. Яғни ортада оны ешкім көшіріп алып немесе өзінің құрылғысына жүктеп алуына мүмкіндігі жоқ.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында халық санағы биыл үшінші рет жүргізілмек. Оған мемлекет бюджетінен 9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның жартысына жуығы санақ кезінде жұмыс істеген азаматтарға жалақы ретінде төленеді екен. 

Талғатбек Әбдіқожа, Жандос Сұлтанғазы