Елордада пациенттердің 56%-інде үнді штамының ықтималдығы расталды

COVID-19 ауруының күрт өсуін және үнді штамының ықтималдығын ескере отырып, Нұр-Сұлтанда қосымша тексеруге 54 науқастың сынамасы алынды.

Олардың ішінде пациенттердің 56%-інде үнді штамының ықтималдығы анықталды («Дельта» штамы). Мутацияның жаңа түрі ең жұқпалы және тез таралады. Елордада қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша карантиндік шектеулер енгізіледі. Коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары елорда әкімі Алтай Көлгіновтің басшылығымен өткен қалалық штаб отырысында қаралды.

«Қалада аурудың күрт өсуін тіркейміз. 54 науқастан алынған сынаманың алдын ала талдауы олардың 56%-інде үнді штамының ықтималдығы бар екенін көрсетеді. Мутацияның жаңа түрі ең қауіпті, өйткені өлім қаупі жоғары, адамның иммунитетіне қатты әсер етеді. Ал 39%-і британдық штамға ие. Пациенттердің 80%-тен астамында (үнді, британдық штамдар) клиникалық көріністер бар, оның ішінде 20 науқас ауруханаға жатқызылды, 20%-інде симптомдар жоқ, оның ішінде 1 науқас ауруханаға жатқызылды. Көпшілігі дәрігерге көрінген. Сырттан келген алты науқас бар: Ресей, Ауғанстан, Түркістан, Ақмола облысы 2, ШҚО», - деді елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов коммуналдық қызметтердің, құрылыс компанияларының басшыларымен, мектеп/балабақша, колледж, СОО/СҮ/базар директорларымен, ҮЕҰ және басқа да ірі кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті. Жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында еңбек ұжымдарын вакцинациялау қажеттілігі айтылды. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру кезінде ғана олардың қызметі тоқтатылмайды. Егілгендердің саны аз болған жағдайда осы нысандағы жұмыстар тоқтатылады.

Үнді штамының жұқпалы және тез таралатынын ескере отырып, қалада қосымша шектеулер енгізіледі.