loader


Үнді штамы: мутацияның бұл түрі өлімге алып келуі мүмкін

Абай болыңыздар, «Үнді» штаммы Қазақстанға жетті!

Буындар сырқырап, іштің қатты ауруы сезіледі. Бұл короновирустың «Дельта» штаммына тән басты белгілер. Коронавирустың бұл штаммы елордада анықталды. Бұны Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың өзі растады. Мамандар тіпті, адамның саңырау болып қалу қаупі бар деп отыр.

«Той десе қу бас домалайды». Дәл қазір жұртты жиып, асыр салатын кез емес. Алайда елорданың  өзінде 100 адам қатысқан жасырын тойдың мына видеосы желіде желдей есіп жүр. Ал Нұр-Сұлтан қаласы әлі де «қызыл» аймақ тізімінде. Тіпті вирустың қауіпті жаңа түрі анықталып, «жығылғанға жұдырық» болды.  Осыған байланысты қалада қосымша карантиндік шектеу шаралары енгізіледі. Ал санитарлық талаптарға жүрдім-бардым қарайтындар әлі де көп.

Үнді штамының таралуына байланысты бас қаладағы карантин талаптары тағы күшейтілуі мүмкін. Ведомствоаралық комиссия Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігеріне карантин шараларын қатаңдатуды тапсырды. Арқаны кеңге сала бастаған,  сауда орталықтары, тамақтану орындар мен базарлардың жұмыс уақыты қысқаруға тиіс. 

Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:

– 54 науқастан алынған сынаманың нәтижесінде олардың жартысынан көбінде үнді штамына ұқсас белгілер анықталды. Мутацияның бұл түрі аса қауіпті. Тіпті өлімге алып келуі мүмкін. Себебі адамның иммунитетіне қатты әсер етеді. Олардың көпшілігі  дәрігерге қаралған. Сырттан келген алты науқас бар.

Дәрігерлер аурудың тағы төрт жаңа белгісін анықтады. Іштің өтуі, есту қабілетінің бұзылуы, асқазанның ауырсынуы және қанның ұюы сияқты симптомдары бар. Инкубациялық кезеңі 7 күнге созылады. ДДСҰ-ның бүгінгі мәліметіне сүйенсек,  Үндістандық «дельта» штамы әлемнің 90-нан астам елінде анықталып отыр. Жақында ғана оның 74 мемлекетте аса жылдамдықпен таралғаны белгілі. Сондықтан, мамандар бұл дерттің өте тез дендейтініне алаңдап отыр. 

Александр Гинцбург, Н.Гамалея атындағы микробиологиялық зерттеу орталығының директоры:

– Үнді штамы өте қауіпті. Бұрынғы мутацияларға қарағанда жылдам таралады. Бұл дертті жәй тумауға ұқсас деп бей-жай қарауға болмайды.

Айта кетейік, осыған дейін КОВИД-19-дың әлемде, оңтүстікафрикалық, бразилиялық  және британдық штаммдары тіркелген. Бірақ мамандар жаңа штамның қаупі әлдеқайда басым екенін айтады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Ерлан Наурызбаев

 

 

 

Сондай-ақ...