Түркістан облысында дизель отыны тапшы

Түркістан облысында бензин мен сұйытылған газ мәселесі шешілмей жатып, дизель тапшылығы қосылды.

Қазір Түркістан облысындағы май құю бекеттерінде ұзын сонар кезек. Өңірдегі май құю бекеттерінде дизель жоқ, болса да талонмен беріліп жатыр. Жүк көліктерінің жүргізушілері бекет аралап, сабылып жүр.  Жүргізушілердің айтуынша, өңірде қажетті жанар жағармайдың жетіспеушілігіне бірнеше күн болған. Салдарынан жергілікті жүргізушілер де, шетел асып келген көлік тізгіндеушілер де қозғалудан қалдық деп отыр.

Бахтиер Айтілов, жүргізуші:

– Мен Ресей елінінен Тәжікстанға кетіп бара жатыр едім, алайда екі күннен бері тұрып қалдым. Жолда Қазақстан бойынша дизель жоқ. Барлық бекеттерде талон сұрайды, бізде талон қайдан болсын. Салдарынан тоңазтқыштарымыз еріп, ішіндегі тәттілер бұзылды. Ертең бұл шығынымызды кім өтейді?

Әділет Мырзабаев, жүргізуші:

Аноу Қарабұтақтан бері қарай солярка жоқ, жолы бойы солярка іздеп келе жатырмыз. Заправкаға кіресің, жоқ жоқ дейді. Мына жаққа келіп едік, талон дейді. Талонды қайдан аламыз. Жететін жерге жете алмай отырмыз. Клиенттер звондап жатырм, машина қайда деп. Қашан не болатынын ешкім ештеңе айтпайды.

Осындай көріністі Түркістан облысының бірнеше бекеттерінен кездестіруге болады. Жүргізушілердің айтуынша, кейбір аудандарда бензин бағасы 300 теңгеге дейін көтеріліп кеткен. Жағдайы тығырыққа тірелген жүргізушілер бекет қожайындарынан сұрап білуге тырысқан. Алайда ешкім мардымды жауап бермей отыр дейді.

Жәнібек Ошақтаев, жүргізуші:

Директорына шейін звондадым, директоры айтып жатырмын, ештеңе шеше алмаймынғ зауыт бермей жатыр дейді топливо. Қашқылап жатыр, бір-біріне айтып қашқылап жатыр.

Дизель отынының тапшылығы жүргізушілерге ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылын өсіретін шаруаларға да қиын тиіп отыр. Себебі қазір өңірде жеміс-жидек пен көкөніс дақылы пісіп, жиын-терім жұмыстары басталды. «Алайда шаруалар дизель отынының тапшылығына байланысты дайын өнімді уақытында экспортқа шығар алмай отыр»-дейді облыстық Атамекен кәсіпкерлер палатасының өкілдері.

Аслан Ибадуллаев, облыстық Атамекен кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

Бұл мәселе талқыланып ресми органдар тарапынан назарға алынды. Жақын арада осы мәселе шешіледі деп энергетика министрлігі комментарийін берді. Соған байланысты бір аптаның ішінде дизель тапшылығы проблемасы шешіледі деді. Өз тарапымыздан Атамекен палатасы энергетика министрлігіне ұсыныс жолдаймыз, 1 апта емес, тез арада шешу туралы.

Жағдайдың қашан тұрақталатыны әзірге белгісіз. Алайда мамандар Шымкент мұнай өңдеу зауытының 16 маусымнан бастап іске қосылғанын, дизель тапшылығы мәселесі алдағы күндері шешілетінін айтады. Бірақ жанар май тапшылығы мен бағасының күрт өсіп кетуі – халық күнделікті тұтынатын тауарларға да әсер етіп жатыр. Бұл әсіресе қарапайым халыққа ауыр тиюде.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы