Жүк көліктері жарты жолда қалып қойды: Шымкентте дизель отыны жетпей жатыр

Энергетика министрлігі өз кезегінде, Шымкент мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары аяқталып, қалыпты жұмысқа көшкенін хабарлайды.

Алайда, оңтүстік өңірде дизель тапшылығы әлі жойылған жоқ. Жол бойында ұзын-сонар кептеліс. Жүк көліктерінің жүргізушілері сағаттап кезекте тұр. Жүргізушілердің айтуынша, дизель қаланың тек екі жерінде ғана бар, талонсыз сатылып жатыр. Оның өзінде бір автокөлікке 100 литрден артық берілмейді. Ал тез бұзылатын тауар тиегендер, еңбегіміз еш кететін болды деп алаңдаулы. 

Исламбек Жалғасбаев, қала тұрғыны:

- Жағдай қатты қиын болып жатыр. Мына жерде 100-ақ литр беріп жатыр. Бізге Жетісайға бару керек. Кері қарай Алматыға бару керек. Шымкентте осы жерде ғана беріп жатыр. Қалған жердің бәрі талон деп жатыр. Сатпайды. Қаланың ішіндегі бір жерде 190 теңге деп жазылып тұр. Былай 230 теңгеден сатып жатыр. Не деген сұмдық ол. Жолда жүргендерге олай істеуге болмайды ғой.

Әзиз Саттаров, қала тұрғыны:

Тағы да кезекте тұрмын. Кеше 6 сағаттан астам уақыт өз кезегімді күтіп, әрең құйдым. Жанар-жағармай бекеттеріне жете алмай жол бойында және автокөлік тұрақтарында көптеген жүк көліктері тұр. Олар таксимен жүріп, дизель отынын сұрап жүр. Өтініш айтып, кем дегенде 40 литр беріңдерші деп жүр.