423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Маңғыстаудағы ауылдарда ауыз су мәселесі шешілмей тұр

  • 389
  • UPD: 22:52, 22.06.2021

Мұнайлыда ауыз су тапшы.

175 мың тұрғыны бар ауданның 95 проценті орталықтандырылған су құбырына қосылған. Алайда, жаз мезгілінде кей ауылға су кестемен беріледі. Себебі, су қоры жетіспейді.

Мысалы, Мұнайлыға «Каспий» зауыты тәулігіне 8-10 мың текше метр су бөледі. Өткен айдан бері 15 мың текше метрге көтерді. Бұдан бөлек, Баянды ауылындағы су тұщыту қондырғысының жұмыс қуатын арттыруға қаржы бөлінді. Бұдан не өзгерді?

12 мың халқы бар Баянды ауылы 3 тұрғын үй массивінен тұрады. Тұрғындар аптасына екі рет берілетін суды құдыққа жинап, тек ішуге пайдаланып отыр. Үй алдындағы бау-бақшасын суару үшін 2500 теңге төлеп, су таситын көлік жалдайды.

Мейіржан Өмірбеков, ауыл тұрғыны:

–Бір водовоз бақ болсын, басқа болсын мынадай етіп көгалдандыруға жетпейді. Бұл жерде міндетті 2 водовоз алынады. Алдыңғы жылдары су келіп тұр еді, напоры жақсы болып. Енді қазір бізде Баянды 3-тің шет жақтары бар. Олар новостройкалар ғой. Оларға судың напоры жетпей қалады.

Баянды ауылының 60 проценті су құбырымен қамтылған. Әр тұрғын үй массивіне ауыз су аптасына 2 күн тек кешкі уақытта беріледі. Бұл елді мекенде тәулігіне 1 мың текше метр жер асты суын тұщытатын қондырғы тұр. Маусымның соңына дейін жұмыс қуаты 4 мың текше метрге жеткізу жоспары бар. Биыл өңір бюджетінен 138 млндай қаражат бөлініп, монтаж-сынақ жұмыстары басталды.

Бекбол Қазақбаев, «Маңғыстау-Жылу» МКК директоры:

–Жаз айларында Баянды ауылына жеткіліксіздеу болатын. Биылдан бастап толық шешімін табады. Сумен қатмамасыз ететін боламыз. Соған қосымша Дәулет және Маңғыстау-5 елді мекендеріне де беретін боламыз. Сосын Атамекен елді мекенінде 44 мың халық тұрады. Бұрынғы Химик, қазіргі Арай тұрғын үй массивінде 7 көшеде судың көлемі аз болуына байланысты жеткіліксіз мөлшерде. Соған қосымша қаражат бөлдіріп, қазір 3 километр су желісі тартылып жатыр.

Аптап ыстық басталғалы Қызылтөбе ауылдық округінде де тіршілік нәрінен тапшылық байқалды. Бұл мезгілде әсіресе егін егіп отырған шаруалардан суға сұраныс артады.

Айсұлу Қожанова, ауыл тұрғыны:

– Жазда жетпей қалады. 15 күннен тоқтап қалады су. Балаларымызды шомылдыра алмаймыз, егін деген бар. Шешілетін шығар деп ойлаймыз.

Өз кезегінде, аудан әкімдігінің өкілдері Қызылтөбе елді мекені қыркүйекте орталықтандырылған су желісіне қосылатынын мәлімдеп отыр. Сондай-ақ жуық арада тәулігіне 5 мың текше метр су тұщытатын тағы бір қондырғыны іске қосу жоспарланған. Бұл жоба Басқұдық немесе Маңғыстау-5 елді мекенінде жүзеге асады деп күтілуде.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

 

Хабар 24 телеарнасы