Түркі жастары ынтымақтастықты арттыруға мүдделі

Түркі жастарының басын қосып, ынтымақтастығын арттыруға бағытталған халықаралық саммит бүгін онлаин және офлаин форматта өтті.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған форумға елеміздің Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев видео-байланыс арқылы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Түркістанның түркі әлемінің тарихында рөлі ерекше екенін атап өтіп, көне шаһардың қайта түлеуі тұтас түркі әлемі үшін маңызды екенін тілге тиек етті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Көне Түркістанның 21 ғасырдағы жаңа бейнесі қалыптасуда. Шаһардың осындай жетістігі ҚР Тұғыш Презденті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жасампаз шешімінің нәтижесі. Осыдан тура 3 жыл бұрын Елбасы тарихи жарлыққа қол қойған еді. Содан бастап түркістанның екінші тынысы ашылды. Түркістанды дамыту ісі ҚР Президенті Қаым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Көктемде өткен түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Түркістанның - түркі әлемінің рухани астанасы» болып жариялануы соның айқын көрінісі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева түркітілдес елдер арасындағы қарым-қатынас белсенді дамып келе жатқанын жеткізді. Осындай ауқымды жұмыстардың арқасында түркі халықтары жастарының арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетінін атап өтті. Мұндай қадам - ортақ тарихымыз бен мәдениетімізді сақтауға ықпал ететін айтты. Жиынға қатысушылар түркітілдес елдердің көшбасшы жастарының өзара ынтымақтастығы мен достығы, біріккен бастамалары мен ортақ жобалары – бауырлас мемлекеттер арасындағы байланысты одан ары жандандыра түсетініне сенім білдірді.

Ислам Охонов, Өзбекстан Республикасы делегацияның жетекшісі:

Түркістанда өтіп жатқан түркітілдер елдердің көшбасшы жастарының самимиті жастар саясатын дамытуға, ортақ мәдениет пен төл тарихымызды танытуға, жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлесіп әрекет етуіне жол ашады. Біздің мақсатымыз да бауырлас халықтардың жастарымен бірлесіп тығыз әрекет ету болып табылды. Екі күннен бері тәжірибе алмасып, бірлескен ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық.

Юля Абсаламова, Башқұртстан Республикасы делегациясының мүшесі:

– Қазір әлемдік мәдениет қарыштап даму үстінде. Алайда түркі мәдениетінің тарихы одан да тереңде, мыңдаған жылдарға ұласқан. Біз барлығымыз бірігіп соны қайта жандандыруымыз қажет. Біздің ғалымдарымыз Башқұртстанға ислам дінін алғаш осы Түркістан топырағынан барған ғұламалар таратқанын айтады. Олардың зираты біздің елде әлі күнге дейін бар. Сондықтан мұсылман ретінде де, бауырлас, туыс ретінде де бізді байланыстыратын ортақ рухани құндылықтар өте көп.

Жастар саясатындағы ынтымақтастықты терең дамыту қашанда басты назарда. Бүгінде бауырлас елдердің жастарына арналған Ясауи атындағы 50 гранттың бөлінуі – білім беру саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, мәдени-ағартушылық кеңістікті кеңейтуге тың серпін бермек. Саммит барысында бауырлас елден келген делегаттар Қожа Ахмет Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен ғылыми семинарларға қатысып, ынтымақтастықты арттыру мақсатында Жастар ұйымдарының арасында Меморандумға қол қойды.

Асхат Оралов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

– Тек мемлекеттік мекемелердің өкілдері емес, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де келе жатқаны қуантады. Оннан аса адам келіп, олардың ұсыныстарын 3 күнде талқылаймыз. Одан кейін міндетті түрде протокол жасалып, бірыңғай бағдарлама бекітіліп, барша түркітілдес мемлекеттердің үкіметтеріне жіберетін боламыз. Бұл жобаны пысықтаған соң біз келіскен іс-шараларды жүзеге асырамыз деген ойдамыз.

Сонымен қатар саммит аясында белсенді жастардың қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Қожа Ахмет Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аймағында 30 түп ағаш отырғызылды. Сондай-ақ «Түркі әлемінің жастары» Аллеясы ашылып, халықаралық экологиялық акция өтті.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш