Атырау облысының сегіз елді мекені электр энергиясынан тапшылық көріп отыр

Шекараны бойлай қоныстанған ауылдар жарықты Ресейден алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атыраудан 600 шақырым шалғай жатқан елді мекендерге әлі күнге өзіміздің электр желісі тартылмаған. Ал сырттан келетін қуат терістіктегі көршілерге тәуелді. 2 жыл бұрын Құрманғазы – Азғыр бағытына жаңа электр желісін тарту жобасы қолға алынған болатын. Бірақ жұмыс ұзаққа созылатын түрі бар.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Сүйіндік ауылындағы Жәрдемовтер отбасында 10 жан бар. Бүкіл әулет паналап отырған үлкен үй электр қуатымен жылытылады. «Қыс айларында жарық жиі сөнеді. Әрі электр энергиясының тарифі өте қымбат», - дейді отағасы.

Шаймардан Жәрдемов, Сүйіндік ауылының тұрғыны:

- Айына 30-40 мыңға шығады. Тариф көтерілетін болса, оны мен де, қалған халық та төлей алмайды. Оны жоғарғы жақ шешпесе, қиын жағдай.

Құрманғазы электр желілері торабы 60 мыңға тарта тұрғыны бар 16 селолық округ пен аудан орталығын қуат көзімен қамтамасыз етіп отыр. Облыстық электр желісіне қосылған ауылдарда жағдай тұрақты. Ал, Ресей өнімге тәуелді шекара маңыздағы 8 ауылда жарық мәселесі халықтың жанайқайына айналған.

Игорь Әбуғалиев, аудандық электр желілері торабының басшысы:

- Ресейден келе жатқан электр тоғы өшіп қалса, біз ештеңе істей алмаймыз. Осы біздегі проблема, екіншісі – Ресейден алынатын тоқ өте қымбат. 29 теңгемен алып жатырмыз. Бірақ өзіміздің тұрғындарға Сүйіндік, Балқұдық, Асанға 5,79 теңгеден береміз.

Ал, қалған шығын электрмен жабдықтаушы комапания мен жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Егер аталған 3 ауылда 1500-нан астам тұтынушы барын ескерсек, ол орасан шығын. Сондықтан ауылдарды ішкі электр желісіне қосу кезек күттірмейтін іс.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- БұлҚұрманғазы аудандық электр желілері торабы. Яғни, жалпы ауданға келетін электр желісінің жүрегі жесек те болады. Міне, осы арадан қиырдағы Азғыр өңіріне электр желісі тартылуы керек болатын-ды. Алайда, ол жоба әлі қолға алынған жоқ.

Руслан Сиражев, аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Құрманғазы – Асан бағытындағы жоғары кернеудегі электр желісіне жобалық құжаттама жүріп жатыр. Ол қазір сараптамадан өтуде. Қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

Азғыр өңіріне электр желісін тарту жобасы 2019 жылы басталған екен. Алайда, құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтпей қалыпты. Биыл да оның жүзеге асуы екіталай. Тағы бір кілтипан бөлім басшысы айтқан 110 мың вольттық желі бар болғаны 180 шақырымды қамтиды. Қалған ауылдарға электр жарығы қашан, қалай жеткізілетіні белгісіз.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин