loader


Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің жұмысында жаңашылдық енгізіледі

Енді олар келісімшарт бойынша уақытша жалданатын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жобаның бағытына байланысты әр саладан мамандар тартылады. «Жалпы мемлекеттік қызмет жүйесінің өзі де өзгереді», - дейді мамандар.

Анель Еділқызы, тілші:

- Күн өткен сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылар талап та, жүктелетін жауапкершіліктің ауқымы да кеңейіп келеді. Ал олардың жұмысында алдағы уақытта талай өзгерістер енгізіледі. Жаңашылықтардың бірікелісімшартпен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер.

Анар Жаилғанова, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Кез келген мемлекеттік органда жүзеге асырылатын нақты жоба бар. Ол үшін саланы білетін маман қажет. Мемлекеттік қызметкерлер арасында мұндай адамдар әрдайым бола бермейді, сондықтан бұл адамдар келісімшарт бойынша жалданады. Олардың торға сәйкес бөлек жалақысы қойылады. Жоба жүзеге асырылғанға дейін жұмыс істейді.

«Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, мейілінше жағдай жасалған», - дейді мамандар. Тек жұмысыңа адал, антыңа берік болсаң болғаны. Мәселен пилоттық жоба ретінде елордада олардың жұмыс орны еуропалық стильге өзгертілді. Кеңседе кітапхана, кофехана ашылып, жеке заттарға арналған заманауи сөрелер орнатылған. Қызметкерлердің белгіленген жұмыс орны жоқ. Олар кеңседегі өзіне ыңғайлы кез келген жерге отыра алады. Мұндай жаңашылдықтың мақсаты – ұжымның жұмысқа деген ынтасын арттыру. Тіпті ол үшін қабырғаның түсі де ерекше таңдалған екен.

Мемлекеттік қызметші «басты міндет – елге қызмет» қағидасын қатаң ұстануы шарт. Сонда ғана халықтың сенімі артатыны сөзсіз. Есесіне елге қызмет етіп жүрген азаматтар жеке тұлға ретінде де өзін өзі тұрақты жетілдіріп жүруі тиіс.

Азамат Жолманов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры:

- Қиындығы да, кемшілігі де бір шығар. Бұл – халық алдындағы жауапкершілік. Мемлекеттік қызметші ретінде сен өз жұмысыңда біріншіден, халықтың игілігін ойлау керексің. Сондықтан біз өз жұмысымызды қатаң түрде бақылау керекпіз. Біз дайындайтын заңдарды, біз дайындайтын тест сұрақтарын, біз дайындайтын қағидаларды мұқият тексеру керекпіз.

Бүгінгі таңда елімізде 90 мыңға жуық мемлекеттік қызметші еңбек етіп жүр. Бірақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдегі шенеуніктер саны 25%-ке қысқаруыс тиіс екенін айтып кету керек.

Авторлары: Әнел Еділқызы, Жандос Сұлтанғазы