Алтай Көлгінов жергілікті полиция департаментіне жаңа 30 автокөліктің кілтін табыс етті

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан полициясы күні қарсаңында жергілікті полиция департаментіне су жаңа 30 автокөліктің кілтін табыс етті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтаған қала әкімі полиция қызметкерлерінің қазіргідей қиын кезеңдегі жанкешті еңбегін ерекше атап өтті.

«Құрметті полиция қызметкерлері, сіздер қиын да қауіпті салада қаймықпастан абыройлы қызмет атқарып келесіздер. Жауапкершілікті жіті сезініп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда мінсіз қызмет үлгісін көрсетіп жүргендеріңізді ерекше бағалаймыз. Әсіресе, індет кезінде шыбын жанды шүберекке түйіп, талай ерлік көрсеттіңіздер. Нұр-Сұлтан қаласы ПД қызметтік автокөліктер паркі Hyundai Elantra және Hyundai Tucson маркалы отандық өндірістің 30 автокөлігімен толықты. Жыл соңына дейін тағы 11 автокөлік тапсырылады. Халықпен жұмыстың сервистік моделін енгізу мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты бойынша жүзеге асады. Осы жоба аясында қала аудандары мен тұрғын үй массивтерінде 16 заманауи модульдік полиция бекетін орнатамыз. Бұдан бөлек, Есіл ауданы полиция басқармасының жаңа әкімшілік ғимараты ашылған болатын. Сонымен қатар биыл учаскелік полиция пункттеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мереке қарсаңында ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы бері үшін 130 миллионнан астам теңге бөлінді. Алдағы уақытта қызметтеріңіз абыройлы болсын! Отбасыларыңызға амандық, жұмыста табыс тілеймін!», – деді Көлгінов.

Аталған көліктердің барлығы тұтастай заманауи құралдармен жабдықталған. Дыбыс күшейткіш қондырғысы мен рациясы бар. Жылдамдықты дәл анықтауға және көлік пен жүргізушіге қатысты мәліметтерді дер кезінде біліп отыруға мүмкіндік береді. Жаңа көліктер тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істейтін жол-патрульдік қызметіне, сондай-ақ полицияның учаскелік инспекторларына берілді.