Алматыда үнді штамы 37 жастағы келіншектен шыққан

Алматыда коронавирустың үндістандық штамы анықталды.

Бұл туралы қаланың Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бүгін брифинг барысында хабарлады. Дельта штамы, яғни, үндістандық штамм 37 жастағы алматылық келіншектен шыққан. Ол үй шаруасындағы адам екен.

«Қазір ол жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр», - деді Жандарбек Бекшин. Науқастың қызы да оқшауланған. Бірақ оның ПТР нәтижесі теріс болып шыққан. Күйеуі іссапарда екен. Ол ақпан айында ауырып жазылыпты. Сонымен қатар бұл азаматшамен тығыз байланыста болған 7 адамда оқшаулауға алынған. «Сондай-ақ келіншектің барған жерлерінің барлығы анықталып, есепке алынды», - деді Бекшин. Қаланың Бас мемлекеттік санитар дәрігері тұрғындарды карантин талаптарын сақтап, сақтық шараларын ұмытпауды ескертті.

Жандарбек Бекшин, қалалық бас мемлекеттік санитар дәрігері:

- Осы 10 күннің арасында мутация штамына арналған 63 зерттеу жасадық. Оның ішінде 90%-ке  жуығы британ штамы болып шықты. Және де екі сынамада ЮАР штамы анықталды. Кеше біз тағы зерттеген кезде 9 сынаманың 1 сынамасында  Дельта штамы, үнді штамы дейміз, сол анықталды. Біз екі рет оны жасадық. Бүгін таңертеңнен бастап соңғы зерттеу жасаған кезде біз толығымен анықтадық. Қосымша айтқым келеді, біз бұл жұмысты қазір күнде күнде жасаймыз. Сондықтан бүгіннен бастап осы коронавирусқа арналған зерттеудің мөлшерін көбейттік.