Алматыда үздік полицейлер марапатталды

Алматылық полицейлер кәсіби мерекелерінде бейбіт заманда ел тыныштығы мен тұрақтылығы үшін өз өмірін қиған әріптестерін еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы 30 жылда 32 тәртіп сақшысы қызмет бабында жүріп қаза тапқан. Бүгінде еліміздегі ең ірі мегополистің полиция департаментінде 6 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Төл мерекелерінде сала үздіктерінің бірқатары марапатқа ие болды. Оларға төсбелгілер мен құрмет грамоталары табыс етілді. Полицияның мәртебесін көтеру мақсатында жас мамандардың ата-аналарына да құрмет көрсетілді. Тағы бірқатарын салтанатты жағдайда зейнетке шығарып салды. Ал, қазіргі індет кезінде тәртіп сақшылары қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын күшейте түспек.

Қанат Таймерденов, қалалық полиция департаментінің басшысы:

-Өздеріңіз білесіздер, пандемия кезінде дәрігерлермен бірге былтыр, биыл да болсын полиция қызметкерлері алдыңғы шепте жүр. Постарда тұрды. Басқа да іс-шаралардың қасында полиция жүрді. Бізде 364 адам дертке шалдығып, 1 адам қайтыс болды. Вакинацияға мәселелерді көтеріп, 100% қызметкерлердің барлығы вакцинациядан өтті. Соған байланысты осы іс-шараны өткізіп отырмыз.