Елордалық жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналасуға қалай көмектеседі

Жыл басынан бері елорданың жұмыспен қамту орталығына 8 мыңнан астам адам жүгінді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Атылмыш орталыққа жұмыс іздеп келетіндердің қатары аз емес. Қолайлы бос жұмыс орындарын әртүрлі жастағы, түрлі санаттағы тұрғындар, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар, сондай-ақ пробация қызметінде тіркелгендер іздейді.

Өткен жылы жұмыспен қамту орталығы елорданың 29 709 тұрғынын қабылдап, оның ішінде 19 291 адам жұмысқа орналастырды. Осы жылдың басынан бері мұнда 8 762 адам жұмыс іздеп жүгінген. Жұмысқа 5 мыңнан астам, оның ішінде 2 мыңнан астамы электрондық еңбек биржасы арқылы орналасты.

Тұрақты жұмыс орнын 2 515 адам тапты. Қазіргі уақытта жұмыспен қамту орталығында 4 955 адам жұмыссыздар есебінде тұр, оның ішінде 29 жасқа дейінгі жастар – 1 458 адам.

«Орталық бұл бағытты кеңейту үшін жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнатты. Біздің мамандар олармен бос жұмыс орындарын жинау және Enbek.kz «Электрондық еңбек биржасы» интернет-портал арқылы жеке кабинет арқылы толтыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді. Жұмыспен қамту орталығы көрсететін қызметтер туралы хаттар жібереді, Head Hunter, OLX және т.б. интернет сайттарын пайдаланатын қаланың жұмыс берушілеріне мониторинг жүргізеді. Мамандарымыз бос орындардың дұрыстығын бақылап, мәліметтер базасындағы ақпаратты нақтылайды. Себебі бір ай өткеннен кейін бос орындар автоматты түрде мұрағатқа өтіп кетеді», – деп мәлім етті Жұмыспен қамту орталығы.

Әр апта сайын Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері онлайн-кеңес өткізеді. Оған жұмыс берушілер, Кәсіпкерлер палатасының, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері қатысады. Жыл басынан бері қала кәсіпорындарымен 14 онлайн-кездесу ұйымдастырылды. Бұл кездесулердің басты тақырыбы — тұрғындарды жұмысқа орналастыру.

Аталмыш орталық қаланың 45 569 жұмыс берушісімен қарым-қатынас орнатты. Бұл ең алдымен мамандарымыз мен басшылықтың жұмысының нәтижесі, деп мәлім етті Жұмыспен қамту орталығы.

Елорданың еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ылғи да өзекті. Карантиндік шектеулерді ескере отырып, олар енді онлайн режимде өтеді. Биыл елордада тоғыз онлайн бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Олардың бірі бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан және пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға арналған.

Ең қажетті бос жұмыс орындары:

Бүгінде елордалық еңбек нарығында құрылыс, сауда, тамақтану және денсаулық сақтау саласындағы мамандар, әсіресе жұмысшылар, жүк көліктерінің жүргізушілері, монтажшылар аса сұранысқа ие. Сол сияқты қаладағы құрылыстың белсенді қарқынын ескере отырып, еңбек нарығында прорабтар, шеберлер, тас қалаушылар, арматуршылар, инженер-сметашылар, бетоншылар, өндірістік-техникалық бөлімнің инженерлері, әртүрлі жұмысшылар сұранысқа ие.

Кадр тапшылығы сауда саласында байқалады. Мұнда әсіресе сатушылар, кассирлер, менеджерлер, супервайзерлер және мерчендайзерлер қажет. Тамақтану қызметіне келетін болсақ, аспазшылар, ас үй жұмысшылары, наубайшылар мен кондитерлер қажет.

Өз ісінің мамандары әрдайым сұранысқа ие. Қала өмірінің тағы бір маңызды саласы – медицина. Денсаулық сақтау құрылымдарында қызметкер тапшылығы әлі де бар. Медицина саласында ең көп бос жұмыс орындарының бірі – әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер, медбикелер мен мейіргерлер, фармацевтер. Сондай-ақ, елорданың еңбек нарығына бастауыш сынып, орыс тілі мен әдебиеті, математика мұғалімдері, сондай-ақ балабақша тәрбиешілері аса қажет.

«Қазір сұранысқа ие жұмыс табуға мүмкіндік көп. Сол сияқты сұранысқа ие мамандықтарға оқыту курстары да бар. Биыл Жұмыспен қамту орталығы арқылы 200 адам кәсіптік білім беру, қайта даярлау курстарында оқыды. Ал 146 елордалық кәсіптік оқуға кірісті», – деп атап өтті Жұмыспен қамту орталығында.

Өз ісін ашуға көмек

Орталық өткен жылы елордада жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 561 жобаға грант берілгенін хабарлады. Биыл тағы 400 грант беру жоспарланып отыр. Оларды халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, мүгедектігі бар жандар, АӘК алушылар ала алады. Қазіргі таңда 176 грант мақұлданып, 150 грант төленді.

Мемлекеттік гранттарды алуға жұмыссыздар, «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқу курсынан өткен кәсіпкерлер немесе бағдарламаның бірінші бағыты аясында оқуын аяқтаған кәсіпкерлер үміткер ретінде қатыса алады. Бағдарламаға қатысушыларға 200 айлық есептік көрсеткіштен (500 мың теңгеден астам) тұратын грант өтеусіз және қайтарымсыз беріледі.

«Жұмысқа орналастыру үшін қолданыстағы бағдарламалар мен мүмкіндіктерге тоқталайық. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмысқа орналастырудың белсенді шаралары, оның ішінде «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны» іске асырылуда. Сондай-ақ, жазғы демалыс кезінде студенттер мен жоғары сынып оқушыларына арналған «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы басталды. Бос орындар туралы ақпарат күн сайын жаңартылып, Instagram әлеуметтік желісіндегі @czn_astana және @czn.kz парақшаларында жарияланады. Сондай-ақ, оны күн сайын «Astana fm радиосының эфирінен 11.00-де орыс тілінде және 16.00-де қазақ тілінде тыңдауға болады», - деп жұмыспен қамту орталығы мәлім етті.

Пандемия мен карантин кезінде Жұмыспен қамту орталығының қызметтерін қашықтықтан пайдалануға болады. Ол үшін enbek.kz электрондық еңбек биржасының сайтына кіріп, тіркеуден өтіп, қызықтыратын бос орынды таңдаңыз. Сондай-ақ, осы интернет-ресурста жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдерді тағайындау қызметін пайдалануға болады. Қажет мәліметтерді жұмыспен қамту орталығының мамандарына хабарласып біле аласыз: 57-88-88, 57-87-00, 8 777 116 82 76.