«Атырау-Астрахань» пойызы қатынауын қойғаннан бері халықтың жолға шығуы азапқа айналды

Атырау-Астрахань автомагистралінде күрделі жөндеу басталғалы күре жол бойын қоныстанған тұрғындардың жолға шығуы азапқа айналды. Былтырға дейін олар «Атырау-Астрахань» жолаушылар пойызымен жүретін. Пандемия салдарынан шекара жабылып, теміржол қатынасы мүлде тоқтап қалды. Автобус жүрмейтін Құрманғазы, Исатай аудандарында тұрғындар жекеменшік таксиді жағалайды. Жолдың нашарлығын желеу еткен жеңіл көлік иелері жол ақысын екі есеге дейін көтеріп отыр. Ал жергілікті билік облысаралық қатынасты қалпына келтіру үшін жолаушылар пойызын шығаруды қолға алған еді. Бірақ игі бастама аяқсыз қалды.

Бұл қарақұрым халық Құрманғазы селосынан облыс орталығына көлік күткен жолаушылар. Алыс ауылдарға түстен кейін көлік күту қателік. Себебі күннің ыстығы мен жолдың нашарлығын желеу еткен такси иелері сапарға шығуға құлықсыз. Ал жіпсіз байланған жұрттың күнделікті көрген күні осы. 

Зинетолла Уахитов, Құрманғазы ауылының тұрғыны: 

- Жолымыз қашық, жағдайы нашар. Мына таксистер бір күні 5 мың, бір күні 4,5 мың теңге адам басынан жинайды. Оған кейбірінің жағдайы тартады. Кейбірінің қалтасы көтермейді. Өте қиын. Мына поезды жылда айтады да қояды. Бір жыл болды. 

Мүтиғолла Ғани, жолаушы: 

- Мысалға, менің балам жұмыстан келе жатыр еді. Түнгі 12-ге дейін тұрып, қонып ертесіне келді. Кешке осында келген адам әрі қарай кете алмайды.

Бұл жағдайдан жергілікті билік хабардар. Алайда ауданаралық автобус қатынасы болмағандықтан жолақыны реттеуге қауқарлары жоқ. 

Нұрлыбек Қадіров, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары: 

- Қоғамдық көлік ұйымдастыруға қазір жолдың сәйкес келмеуіне байланысты  мүмкін болмай отыр. Бірақ таксилер жүріп тұр.

Ендігі үміт тек ғана теміржол қатынасында. Исатай, Құрманғазы аудандарындағы елді мекендер темір жолды бойлай орналасқан. Арада 7 станция мен бекеттер бар. Егер поезд жолға шықса, көп мәселе шешімін табар еді. 

Ерлан Сәрсенғалиев, облыстық жолаушылар көлігі басқармасының бөлім басшысы: 

- Қазіргі таңда облыстық әкімдіктің «Атырау-Д.Н» станциясы арасында теміржол қатынасын ұйымдастыру туралы қаулысы қабылданып, басқарма тарапынан субсидия бөлу үшін бюджеттік өтініш жолданды. Осыған орай қолданыстағы заңдылықтар аясында тасымалдаушыны анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізіледі. Конкурстық рәсімдеу шамамен бір айға жуық уақыт алады. 

Көпшілік күтіп отырған облыстық маслихат сессиясы осы айдың 25 жұлдызына белгіленген. Сонан соң конкурстық рәсімдеу басталады. Қысқасы, тамыз болмай жолаушылар поезының жыры бітпейтін сыңайлы. 

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов