ШҚО-ның Зайсан ауданына газ тарту жобасы тоқтап қалды

Өңірді көгілдір отынмен қамтамасыз етуде үш кезеңнен тұратын кешенді бағдарлама жасалған. Алғашқы екі кезеңнің нәтижесі бойынша Зайсан қаласының 80 проценті газға қосылды. Дегенмен, көгілдір отын аудан орталығының өзіне ала-құла берілген. Оны құрылыс бөлімінің басшысы да растап отыр. Ауданды газдандыру жобасын толық аяқтауға қаржы жетпей қалыпты.

Шығыста табиғи газға бірінші болып Зайсан ауданының халқы қол жеткізді. Әуелі аудан орталығындағы әлеуметтік нысандар мен жеке үйлер газға қосылған. Ал екінші кезең бойынша 9 ауылға газ жеткізілген соң жоба тоқтап қалған. Қазір Зайсан қаласының өзінде 185 үйде газ жоқ. Кейбір көшелерге орталық құбыр тартылмаған.

Назерке Темірова, Зайсан қаласының тұрғыны:

- Мына ауданға 2007 жылы алғаш үйлер түскен болатын. Содан бері от жағып келе жатырмыз. 2015-тен бастап әр тоқсан сайын барамыз. Көктем. Күз, қыс бара береміз. Одан бері алты әкім ауысты. Жылда көктемде дейді. Бізде мына көшеде барлығы көп балалы түгел. Кемінде 4-5 балдан.

Асқар Шәкенұлы, Зайсан қаласының тұрғыны:

- Неше әкім ауысты. Неше рет бардық. Газды әне береміз, міне тартамыз дейді. Көмір жағамыз. Көмірдің жартысы тас. Жартысы жанбай қалады. Бағасы да удай қымбат. 

Удай қымбат көмірдің өзін алу былтырдан бері қиындап кеткен. Өйткені жол нашар. Өскемен мен Семейден тасымалдау шығынды ақтамайды. Сондықтан тұрғындар газдың тартылуын күтіп жүр.

Олжас Керейхан, тілші:

- Бұл халық арасында ДЭУ деп аталатын шағын аудан. Бұл жерге негізнен жеке үйлер жаңадан салынған. Зайсан қаласына 10 жыл бұрын газ келгенде тұрғындар ерекше қуанған. Алайда кейбір отбасылар әлі көгілдір отынның қызығын көре алмай отыр. Есесіне дәл осыдан 150 метр жерде Зайсанның газы Қытай еліне экспортқа кетіп жатыр.

Экспортқа кетіп жатқан газдың мөлшерін де тұрғындар шамалайды. Тек соған қол жеткізе алмай жүргендеріне қынжылады.

Бауыржан Тілеубекұлы, Зайсан қаласының тұрғыны:

- Мен сол жерде жұмыс істегем. Қытайға күніне 800 мың текше метр 18 теңгеден кетіп жатқан. Олар содан кейін 1 миллион 200 мың талап етті. Содан берді. Содан ол жақтың құбыры көтермей қалды. Сол кезде 18 теңгеден беріп жатқанда халықаралық нарықта 56 теңгеден болған бір шаршы метрі. Қазір одан да қымбат.

Орталық құбыр негізінен соңғы жылдары бой көтерген шағын аудандарда жоқ. Ал газға қосылғанымен одан зиян шегіп отырған отбасылар да бар. Себебі көшедегі кейбір құрылғылардан қазір ақау шығып жатыр.

Іңкәр Мұратханова, Зайсан қаласының тұрғыны:

- Жемтіктің иісі шығып тұрады. Кәдімгідей бөлек иіс шығады. Газдан. Газдың иісі. Басқа жақтардан шықпайды. Тек бізге лапастың астына келіп тіреледі. Бұл үйден қаншалықты алыста тұратынын бәрін біле алмай отырмыз. Ал газда тұрған кісілерден барып кім жауапты десек, Астанада иесі дейді.

Аудандағы мамандар тек ұсақ-түйек жөндеумен ғана шұғылданады. Құрылыс бөлімі құбыр тартуға ғана жауапты. Дегенмен, газ тарту жобасының үшінші кезеңі тоқтап қалғанын растап отыр. Зайсан қаласын толық газға қосу үшін 481 миллион теңге қажет. Техникалық жобасы да дайын көрінеді.

Марат Көңбаев, Зайсан аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Былтыр облыстық бюджеттен 45 миллион теңге бөлінген. Енді сол республикалық бюджеттен тосып отырмыз. Жобаның ішінде үшінші кезеңде келешекте құрылыс жүретін аудандар, үйлер салынатын солар қамтылған. 

Зайсан ауданын толық газбен қамту үшін әлі де 1 миллиард 200 миллион теңге керек. Бұған дейін 9 ауылға тартылса, әлі 8 ауылдың тұрғыны көгілдір отын күтіп отыр. Бірақ қажетті қаржы қашан бөлінетіні белгісіз. 

Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...