Алматыда «Тәуелсіздік жылдарындағы ақпараттық кеңістік» атты форум өтті

Қазақ журналистикасының тарихы жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Бұл туралы бүгін «Тәуелсіздік жылдарындағы ақпараттық кеңістік» атты онлайн Халықаралық ғылыми форумда айтылды.

Биыл «Айқап» журналының 110, «Ақиқат» журналы, «Жас алаш» газеті мен «Қазақ радиосының» 100 жылдығы. Басқосуға қатысушылар ХІХ ғасырдың екінші жартысында ұлттық журналистиканың қалыптасуына негіз болған басылымдардың маңызы мен заманауи журналистиканың қоғамдағы ролі туралы ойларын ортаға салды. Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ғани Мұратбаев, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғалар негізін қалаған публицистика көші үзілмеуі керек. Қазақ баспасөз тарихының беймәлім беттері зерттеліп, кейінгі ұрпаққа жетуі тиіс, дейді ғалымдар.

Сағымбай Қозыбаев, ҚР Журналистер академиясының президенті, профессор:

- Неге Түркістан уәлаятын айтпаймыз, 150 жылдығы, 1870 жылы 10 мамырда Ташкентте шыққан газет. «Дала уәлаяты». Ал халық біле ме, журналистердің өзі білмейді. 1907 жылы Петербургта «Серке» деген газет шыққан қазақша, «Орал» деген газет Орынборда, сондай газеттердің он шақтысын айта аламын. Сондықтан тарихымыз бай, соның бәрін зерттеу керек. Әлихан Бөкейханов 1906-1907 жылы Омскіде үш орыс газетін шығарған. Өзі шығарған. Ешкім білмейді, өйткені ол архивте.