Түркістанда түркі жұртының басын қосқан халықаралық саммит аяқталды

Киелі Түркістанда үш күн түркі жұртының басын қосқан «Түркістан - Түркі әлемінің бесігі» атты халықаралық саммит өз мәресіне жетті. Форумның соңғы күні түркітілдес елдерден келген көшбасшы жастар мен белсенділер Арыстан баб, Отырар, Ақмешіт секілді киелі жерлерді аралап, зиярат жасады. Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған басқосуда мәдени туризмді дамыту, бірлескен жастар лагерьлерін ұйымдастыру мәселелері талқыланып, ортақ ұсыныстар айтылды.

Түркия, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан және еліміздің әр аймағынан келген жалпы 200-ден астам жалынды жас Түркістан өңіріндегі күллі түркі жұртына ортақ киелі жерлерді аралады. Тарихи-мәдени ескерткіштермен танысты. Делегаттар алдымен Отырар ауданындағы бабтардың бабы – Арыстан бабтың кесенесіне зиярат жасап, құран бағыштады. Одан кейін көне Отырар қалашығына барып, талай сырды құшағына үнсіз басып жатқан тарихи шаһардың орынын аралап көрді.

Гүзалия Гинатова, Татарстаннан келген делегация мүшесі:

- Түркістанға келіп, соңғы 3 күнде алған әсерімді сөзбен айтып тауыса алмаспын. Керемет кездесулер болды. Бүгін міне киелі, тарихи жерлерге келіп, аралап көрудеміз. Мұнда қаншама тарих, мәдениет, руханият сақталған. Көне заман мен бүгінгі өмірдің арасында ғажайып әсерде жүрмін. Қазақстандық бауырларыма алғысым шексіз. 

Ербол Ысмайылұлы, Қырғызстаннан келген делегация мүшесі:

- Бүгін тарихи орындарды аралап, рухани күш алып жатырмыз. Қаншама бауырларымызбен танысып, дос таптық. Біздің түбіміз бір болғандықтан тіліміз де, мәдениетіміз де, тарихымыз да ортақ. Бұл саммит түркі жастарының басын бір шаңырақтың астына біріктіріп, ынтымақтастығымызды арттыруға, ортақ жобаларды бірлесіп іске асыруға мүмкіндік берді.  

Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған басқосуда түркі жастары 3 күн бойы Түркістанның төрінде «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» идеясын ілгерілету, мәдени туризмді қалыптастыру, бірлескен жастар лагерін құру жайын талқылады. Тіпті ЖОО арасында тәжірибе алмасу және жастар ұйымдарымен ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласты.

Шахмардан Байманов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің комитет төрағасы:

- Біз осы саммиттің аясында арнайы қарар жасақтадық. Оның басты мақсаты тарихымызды, мәдениетімізді, түркітілдес елдерге ортақ тұлғаларды өз елдерімізде насихаттауға жоспарлар құрдық. Біз осындай шараларды алдағы уақытта да жоспарлап бірге өткізетін боламыз.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрілігінің ұйымдастыруымен өткен шара барасында түркітілдес елдерден келген көшбасшы жастар мен белсенділер 3 күн бойы түрлі семинарлар мен тренингтерге қатысып, өз ұсыныстарын жеткізді. Түркі халықтары жастарының арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жобаларды бірге іске асыру үшін Жастар ұйымдарының арасында Меморандумға қол қойды. Сондай-ақ «Түркі әлемінің жастары» аллеясы ашылып, ескерткіш тақта орнатылды.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы