Вакцинадан бас тартқан қызмет көрсету саласының қызметкерлері ПТР тапсыруға міндеттеледі

Елімізде вакцинадан бас тартқан қызмет көрсету саласының қызметкерлері аптасына бір рет ПТР-сынама тапсыруға міндеттеледі. Шығынды қызметкердің өзі не болмаса жұмыс беруші өтейді. Бұл туралы бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты. Азаматтарды екпе салдыруға шақыру олардың конституциялық құқығын шектемейді екен.

Үкімет басшысының орынбасары еліміздің конституциясына сай азаматтардың денсаулығын сақтауға міндеттіміз деді. Сондықтан шектеулер әзірге адам аяғы үзілмейтін нысандарға енгізіліп жатқанын айтты. Алайда аймақтардағы ахуал нашарлай түссе, вакцина салдыруды міндеттейтін шаралар бұдан да күшейетінін жоққа шығармады. Бірақ олардың азаматтардың конституциялық құқығын шектемейтінін атап өтті.     

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Сфера услуг дейді, соның айналасында жұмыс істейтін азаматтардың бәрі міндетті түрде вакцина алуы керек. Дәрігерлік қарама-қайшылықтар болатын болса, ол жерде ешқандай сұрақ болмайды. Егер бас тартатын жағдай болса, жұмасына бір рет ПЦР өту керек. Егер аймақтар бойынша жағдай қиындап жататын болса, облыстың әкімдері де әрі қарай нақты шешім қабылдауға құқықтары бар. Қатаң шаралар қабылдауға дейін. 

Ералы Тоғжанов елімізге вакциналардың басқа түрі жуық арада жеткізілмейді деді. Сондықтан қазақстандықтарды қолда бар екпеден бас тартпауға шақырды. Ал денсаулық сақтау министрі коронавируспен ауырған 727 адамның вирусты екінші мәрте жұқтырғанын айтты. Алексей Цойдың сөзінше, Қазақстанда әрбір жетінші адам вакцина салдырыпты.   

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Бір рет ауырдым, енді ауырмаймын деп ойлау дұрыс емес. Екінші мәрте вирусты жұқтырып, ауыр жағдайда жатқандар да бар. Сондықтан басқа вакцинаны күтудің қажеті жоқ. Қазақстан аумағындағы екпенің барлығы тиімді және қауіпсіз. Оларды 2 миллион 9 жүз мың адам салдырды. Отбасыңды, жақындарыңды қорғаудың жолы екпе қабылдау.

Қазір елімізде отандық «КазВак» вакцинасының егілмеген 30 мың дозасы бар. Егер аймақтарда тапшылық пайда болса, солардың есебінен мәселе шешіледі. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов отандық вакцина енді 2 айдан соң құтыға Қазақстанда құйылатынын айтты.