Біртанов Қытайдан тиелмей қалған 2 млн қорғаныш киім туралы түсініктеме берді

2 млн қорғаныш киімі артылған жүк Гуанчжоу әуежайында қазақстандық борттың қасына жеткізілген. Алайда ұшаққа сол күйі артылмады. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі былтыр 10 сәуірде Қытайға аттанған әуе рейсіне қатысты түсініктеме берді.

СҚ «Фармацияның» экс жетекшісі Берік Шәріптің үстінен қозғалған сотта Елжан Біртанов бұл жағдайды айғақтайтын фотосурет барын жеткізді. Ол фотоны Берік Шәріптің ісіне қосымша құжат ретінде тіркеуге өтініш берді.

Біртановтың сөзінше, бар кілтипан Қытайдың экспорттық ережені өзгертуінен болған. Сол себепті тауар ұзақ уақыт рәсімдеуден өткен. Дегенмен, 14 сағат күткен ұшақ 20 минутта ірі көлемдегі партияны артып үлгірмейтін болған соң ақыры елге қайта ұшып кеткен. Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Қытайдағы елшілігі мен денсаулық сақтау министрлігі медициналық қорғаныш киімдерін алдыртуға барын салды, дейді Біртанов. СҚ «Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріптің үстінен қозғалған сот тергеуі жалғасып жатыр. Оған өзі басқарған компания былтыр көктемде қорғаныш киімін Қытайдан уақытылы жеткізбегендіктен елдегі медицина қызметкерлері жаппай ауруға шалдықты деген айып тағылған.