Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша несиелік баспана ұсынылды

Шымкентте бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша несиелік баспаналар ұсынылды. Жүйенің тиімділігі - мұқтаж азаматтарға ипотекалық тұрғын үй қарызының бастапқы жарнасы қайтарымсыз сертификат арқылы төленеді. Яғни 1 миллион теңгелік көмек әр 500 азаматқа беріледі. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков баспасөз конференциясында айтты.

Қазіргі таңда қалада тұрғын үй алу кезегінде 44 мыңнан астам азамат тіркелген. Биыл мыңға жуық тұрғынды сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделсе, оның 608-іне пәтер кілті берілді. Жұмыспен қамтылған жастар мен жетім балалар, көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік әлсіз тобы дәл осындай мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін көреді. Ал бюджеттік ұйымның қызметкерлері 1 миллион теңгелік сертификатқа ие болады. Әрі бастапқы жарнаны өтеудің қайтарымсыз шарапатын сезінеді. 

Ерғали Білісбеков, қала әкімінің орынбасары:

- Қазір бізде 589 адам банктен келісім алды. Оның ішінде біреуі алады, біреуі ала алмайды. Талап бар ғой. Жалпы біз 500 миллион бізде жазғы сессияға қойып, енгіздік. Енді Құдай қаласа, осы жетінші айдан кейін адамдарға таратып береміз. 4 бағдарлама бойынша алуға болады. 

Қала халқын жұмысқа тартып, бизнеске бейімдеу ісінде де ілгерілеушілік бар. Яғни биыл 900-ден астам тұрғын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолдама алған. Оның 584-і мемлекеттік грант алып, өз ісін ашты. 7-еуі шағын несиенің жеңілдетілген мүмкіндігіне ие болды.

Ерғали Білісбеков, қала әкімінің орынбасары:

- Бастау бизнес, шағын несие беру бізде жалпы мемлекеттік грант. Биыл тағы да жаңалық. Біз грантты былтыр адам өзі келіп, әр адам құжатты тапсырып грантты алатын. Порталмен өткізіп жатырмыз. Әр адам порталда көрсетіп, өз құжатын ұсынады. Комиссия көреді да шешімін қабылдайды. 

Шымкент республикалық қала статусына ие болғалы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынында оң өзгерістер байқалады. Яғни үш жылда қала бюджеті 481 млрд теңгеге ескен. 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ 2021-2025 жылдардың даму бағдарламасы жаңа форматта жүзеге асырылмақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов