Ковидтің үнділік штамы қаншалықты қауіпті?

Алматыда «үнділік штамм» анықталды. Бұл туралы бүгін қаланың Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Өте жұқпалы вирус 37 жастағы келіншектің ағзасынан табылған. Дельта штамы қаншалықты қауіпті, негізгі белгілері қандай? 

«Үнділік» штамды жұқтырған Алматы тұрғыны үй шаруасындағы адам болып шықты. Қазір ол жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатыр. Онымен байланыста болған таныстары жедел оқшауланған. Жандарбек Бекшиннің мәліметінше, қаладағы мутацияланған штамдарды анықтау мақсатында арнайы зерттеу жасалған. Соңғы 10 күнде 63 сынама тексеріліпті. Оның 90 процентінен «британдық» штамм шыққан. Екеуінен «Оңтүстік Африка» түрі табылған. Ал бір сынама нәтижесі әлемге қауіп төндіріп отырған «үнділік» дельта штамы болып шыққан.

Жандарбек Бекшин, қалалық бас мемлекеттік санитар дәрігері:

- Кеше біз тағы зерттеген кезде 9 сынамадан 1 сынамасында штамм дельта, Үндістан штамы дейміз сол анықталды. Біз екі рет оны жасадық. Бүгін таңертеңнен бастап контрольдық зерттеу жасаған кезде біз толығымен анықтадық. Қосымша айтқым келеді, біз бұл жұмысты қазір күнде күнде жасаймыз. Сондықтан бүгіннен бастап осы коронавирусқа арналған зерттеудің мөлшерін көбейттік. 

Бұл штамның ерекшелігі тез жұғады. Мысалы, бір науқас вирусты бірден алты адамға таратуы мүмкін. Жандарбек Бекшин індетті жұқтыру қаупі жоғары бес жерді атап өтті. Олар сауда нысандары, қоғамдық көліктер, базар, тамақтану орындары мен саябақтар.

«Қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығы тұрғындардың карантин талаптарын сақтамауынан» дейді маман. Ал «үнділік» штамның негізгі белгілері мынадай.

Жандарбек Бекшин, қалалық бас мемлекеттік санитар дәрігері:

- Бұл өте жұқпалы вирус, ұлыбританиялық штамнан екі есе асып түседі. Клиникада осы штамм бойынша ауруханаға түсу, қайтыс болу ықтималдығы жоғары. Адамның буындары қатты ауырып, есту қабілетінен айырылуы мүмкін. Негізгі белгілері тұмауға ұқсайды. Бас, тамақ ауырып, мұрыннан су ағады және дене қызуы көтеріледі. Бірақ иіс сезу жоғалмайды. Көп жағдайда жөтел болмайды. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, «үнділік» Дельта штамы әлемнің 74 елінде анықталған. Бүгінгі жағдайдан кейін Алматы әуежайы мен вокзалдарындағы эпидемиологиялық бақылау күшейтілді. Жалпы қалада коронавирусты қайта жұқтырған 32 жағдай тіркелген. Жандарбек Бекшин Алматы тұрғындарын жаңа Дельта штамын жұқтырмау үшін екпе алуға шақырды.

Автор: Аршын Кемелжанұлы