Алматыда «Қазақстаның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары марапатталды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 4 жыл бұрын жарық көрген жобаға осы уақытқа дейін 7 мыңнан астам үміткер қатысқан екен. Түрлі сала өкілдерінің арасынан талабы мен талантының арқасында топ жарған жастар ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының мақсаты жастардың әртүрлі саладағы тың туындыларын насихаттап, бәсекелестікті арттырып, қабілеттерін шыңдау. Игі шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап іске асып келеді. Сол уақыттан бері білімі мен біліктілігін ұштастыра білген көптеген талантты жастар ел алдына жарқ ете қалды. Олардың арасында алматылықтар да бар.

Перизат Өмірәлі, жоба координаторы:

- Бұл дегеніміз болашақ жастарымызға үлкен серпіліс береді. Еліміздің дамуына үлес қосады. Және де жалпы еліміздің дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін үлкен серпіліс береріне сеніміміз мол. 

«100 жаңа есім» жобасында топ жарған алматылық жеңімпаздарды қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров марапаттады. Байқауда бақ сынаған талантты жастар арасында Қайсар Табынов секілді білікті ғалым мен Бұлбұл Қартанбай секілді хоккейші қыздар болды.

Бұлбұл Қартанбай, жобаға қатысушы:

- Біз әйелдер хоккейінің академиясын ашып жатырмыз. Сол жерде екі әйел хоккей құрамасы болады. Молодежный және сборный деген сияқты. Соның бәрін жасап жатырмыз. Құдай қаласа біз чемпионат РК-да ойнаймыз. Сол тірліктерді жасап, хоккейді көтеріп әйелдер үшін жұмыс істеп жатырмыз. 

Мұхит асып, бапкерлік шеберлігін шыңдап келген Бұлбұл енді қазақ хоккейін дамытуға күш саламын дейді. Жиын соңында Ержан Бабақұмаров барлық қатысушыларға ыстық ықыласын айтып, әрбір жеңімпаздың еңбегі болашақ жастарға үлгі болатынын жеткізді.

Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев