Қызмет барысында қаза тапқан жаңаөзендік полицейлерге ескерткіш қойылды

«Ер есімі - ел есінде». Қызмет бабында ерлік көрсетіп, қаза тапқан жаңаөзендік тәртіп сақшыларына ескерткіш қойылды. Биік тас тақталарға Үсен Құрбанов, Марат Бұхарбаев пен Дүйсенбай Бисекеновтың есімдері жазылған. Ішкі істер саласында қызмет еткен жылдары қылмыскерлермен күресте көз жұмған ерлерді көпшілік бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына құран бағыштады.

1960 жылдары Өзен кенішінде мұнай табылып, қала салына бастаған шақта Үсен Құрбанов Алматы өңірінен жолдамамен келеді. Еңбек жолын поселкелік милиция бөлімшесінде бастайды. 19 жастағы жігіт 5 айдан соң қауіпті қылмыскердің қолынан қаза тапты. Оның жерлесі Марат Бұхарбаев 1992 жылы осында ауысып келген екен. Милиция кіші сержанты 29 жасында қызметтік міндетін орындау кезінде көз жұмды. 

Жаңаөзен қалалық ішкі істер бөлімінің капитаны Дүйсенбай Бисекеновтің ерлігі әріптестеріне аңыз. Ол 2008 жылы түрмеден қашқан сотталушылардың «Темір Баба» кеден бекеті арқылы түркімен жеріне өтпек болған жоспарын жүзеге асырмай тастады. Өкінішке орай, сол жерде жан тапсырды. Артында жұбайы, 3 баласы қалды.

Гүлшат Тәңірбергенова, Д.Бисекеновтың жұбайы:

- Менімен тұрмыс құрғаннан бері ол кісі осы жерде жұмыс жасайтын еді. 1993 жылдан бері қарай. Теңге деген поселок бар жанымызда. Сол жерде учаскелік полиция қызметін атқарды. Әке жолын қуған қызым Бисекенова Ләззат.

Болатбек Ақшауов, облыстық ПД басшысының орынбасары:

- «Ерлік, міндет, абырой» тақтасын ашып отырмыз. Бұл арттағы жас буынға және ұрпақты тәрбиелеу мақсатында үлгі болатыны сөзсіз. 23 маусым - Қазақстан полициясы мерекесіне орай барлық әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын.

Тәуелсіздік жылдары Жаңаөзен полиция басқармасының жеке құрамы 278 адамға жетті. Автокөлік паркі толық жаңарды. Озық үлгідегі жедел басқару орталығы ашылды. Тәртіп сақшылары 216 бейнебақылау құралының көмегімен қала қауіпсіздігін тәулік бойы бақылап отыр.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев