Алматыда «Үйге жол» ізгілік марафоны басталды

Алматыда «Үйге жол» ізгілік марафоны басталды

Шара аясында кез келген мейірімді жан иесіз қалған ит-мысықты арнайы орыннан асырап ала алады.

Марафон талаптарына сәйкес, адамдар қамқорлығына алған үй жануарын қаладағы ветеринарлық клиникада тегін вакцина салдырып, ультрадыбыстық зерттеуден өтуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ дәрігерлерге ақысыз тексертіп, бір жылдық сақтандыруға ие болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әдетте үй жануарларын тексеруден өткізу үшін жылына 70 мың теңге шығын шығады. Сондықтан қайырымдылық шарасында ит-мысық асырап алса, иелері біраз қаражат үнемдейді. Игі бастамаға Алматыдағы үш орталық қатысып жатыр. Марафон биыл 150 үй жануарын қамтиды.

Кристина Таран, ветеринарлық медицина орталығының анестезиолог, кардиолог дәрігері: 

- Бағдарламаға қосымша тамақ қоры да кіреді. Онымен қоса кинологиялық мектепте бір ай тегін оқып, үш рет онлайн сабақ алуға мүмкіндік беріледі. Және асырап алған үй жануарымен бірге зоотакси қызметін 5 рет тегін қолдана алады. «Жақсылық жасасаң өзіңе қайтады» ұстанымын негіз етіп алған шараны қолдаушылар көбейеді деген сенімдеміз.