Қостанайлық борышкер ата-аналар қылмыстық жазаға тартылды

Алименттен жалтарған қостанайлықтар қылмыстық жауапқа тартылып жатыр.

Себебі өңірде баласын несібесінен айырған ата-аналардың қарызы күннен-күнге қордаланып барады. Қазір бұл сома 580 миллион теңгеге жуықтады. Тіпті, бір борышкердің берешегі миллион теңгеден асып жығылады. Енді ол азаматқа заң жүзінде бас бостандығына шектеу қойылды. Дегенмен жұмыс жоқтықты сылтауратқан көкек әкелерді қылмыстық жауапқа тарту оңай шаруа емес. Әйелдері әуелі арыз жазып, кейін орта жолда айнып қалады дейді құзырлы орган өкілдері.

Жалпы жыл басынан бері Тобыл өңірінде алты ата-ана жазаға тартылып отыр. Біреуінің ісі бойынша сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.

Несібелі Бәсенова, облыстық Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының төрайымы:

– Бес борышкердің біреуі әйел адам,ол Меңдіқара ауданында тұрады. Оған сот 300 сағат қоғамдық жұмыс белгіледі. Елімізде бұл 139-бап Қылмыстық кодексте көрсетілген. Бірақ соны біздің тарапымыздан дәлелдеу өте қиындау болды, сондықтан биылдан бастап осындай борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарттық.