424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейде ең алғашқы радионуклидтік терапия бөлімі ашылды

  • 134
  • UPD: 19:11, 24.06.2021

Еліміздегі ең алғашқы радионуклидтік терапия бөлімі Семей қаласында ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Ядролық медицина және онкология орталығында» қызметін бастаған бірегей бөлімшеде енді қалқанша безінің қатерлі ісігіне шалдыққан жандар ең заманауи ем-шаралар қабылдайды.

«Жыл сайын Қазақстанда 600 адам осы терапияға мұқтаж», - дейді мамандар. Ерекше бөлімшенің алғашқы жұмыс күніне облыс басшысы Даниал Ахметов пен еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова куә болды.

Семейдегі «Ядролық медицина және онкология орталығында» ашылған бұл радионуклидтік терапия бөлімі бүкіл денсаулық сақтау саласы үшін үлкен серпіліс. Неге десеңіз, дәл осы ем-шараға жылына елімізде 600 адам мұқтаж. Аталған емдеу курсы қалқанша безі қатерлі ісігін емдеудің ең тиімді әрі қауіпсіз жолы.Өйткені бөлінген радиация адамның басқа ағзасына ешқандай кері әсерін тигізбейді. Тікелей без жасушаларын емдейді.

Диляра Қайдарова, «Қазақ онкология және радиология» ақ басқарма төрайымы:

- Қазақстанда дәл қазіргі уақытта 100-ден астам адам дәл осы радиойодты терапияға мұқтаж. Енді науқастар басқа қалаға сабылмай-ақ осы жерден тиісті ем-шара қабылдай алады.

Жалпы Семей Ядролық медицина орталығы кезең-кезеңмен іске қосылып келеді. Радионуклидті диагностика және терапия бөлімінен кейін енді метастаз пайда болмай тұрып ерте диагностика жасауға мүмкіндік беретін томографтар іске қосылады. Ғылыми орталық қызметкерлерінің біліктілігін көтеру де басты назарда.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Біз бүгін Семейдегі бірегей ғылыми медициналық орталықта аса қажетті бөлімшенің қызметіне куә болдық. Жалпы 300-ден астам адамды Англия, Польша, Балтық жағалауы елдері сияқты шет мемлекеттердегі үздік клиникалық мекемелерде оқыттық.

Биыл онкологиялық аурулар бойынша 50-ден астам маман шет елде білімін жетілдірмек. Облыста қатерлі ісікке шалдыққан 18 мыңнан астам науқас тіркеуде тұр. Сондықтан бұл бағыттағы әрбір жетістік сырқаттарға үлкен үміт сыйлайды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы