Ел өңірлерінде вакцина алуға ынталандыру шаралары жалғаса бермек

Қауіпті індетпен күресудің ең тиімді жолы – вакцина. Бұл дүниежүзілік медицина мамандарының тұжырымы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде екпені толық алғандар саны 1 млн 793 мың адамға жуықтаған. Бұл көрсеткішті арттыру үшін қазір елімізде түрлі ынталандыру шаралары жүріп жатыр. Тіпті елорда мен Ақтауда вакцина салдырғандарға пәтер ұтып алатын мүмкіндік туып отыр.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Ел арасында вакцина жайлы әртүрлі әңгімелер тарап кеткені белгілі. Алайда дәрігерлер екпенің ешқандай зияны жоқ екенін, керісінше, қауіпті індетті таратпаудың тиімді жолы вакцина екенін жиі айтады. Сондықтан қазіргі уақытта елді екпе салдыруға тек қана медицина мамандары емес, билік өкілдері мен белсенділер де үгіттеп жүр. Жұртты жаппай вакцинациялау үшін қазіргі уақытта елімізде түрлі шаралар өтуде. Тіпті ынталандыру сыйлықтарының да бағасы жоғарылап келеді. Мысалы Маңғыстауда «Екпе салдыр да, пәтер ұтып ал» атты акция басталды. Жеңімпаз бір айдан кейін анықталады.

Гүлнар Сегізбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Екпенің негізгі мақсаты – өзіңді және өзгені қорғау болғандықтан, Қазақстан азаматтарын екпе алуға шақырамын. «Денсаулық зор байлық» деп айтылып жатады ғой. Оны ешқандай ақшаға сатып ала алмаймыз. Денсаулығыңды сақтай отырып, 2 бөлмелі пәтерге ие болудың өзі үлкен бақыт деп ойлаймын.

Ақмола облысында кейбір мекеме басшылары вакцинаға қатысқан жұмысшыларға бір күндік ақылы демалыс берсе, кейбір тұрғындар бағалы сыйлықтарға ие болған. Қазір бұл өңірде екпе салдырғандардың саны 95 мыңға жетті.

Нариман Сыздықов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Мына нәрсеге айрықша назар аудартқымыз келеді. Вакцинация қазір коронавирустың алдын алу үшін ең басты амал болып тұр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатын жалғыз жол осы. Ал, екпе денсаулыққа кері әсер етеді деген әңгіме ғылыммен дәлелденбеген. Яғни, шындыққа жанаспайды.

Алып шаһар Алматы қаласында да әр аудан басшылары кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың басын қосып, түрлі ынталандыру шарасын өткізуде. Бүгіннен бастап 11 шілдеге дейін вакцина алған Жетісу ауданының тұрғындары Дубайға екі кісілік жолдама ұтып алуы мүмкін.

Дәулет Шайтұрсын, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары:

- Күнделікті өзіміз бақылап отырамыз ғой, аудан халқы енді-енді беті бұрылып, үйреніп келе жатыр. Өздеріңіз білесіздер, 2-3 күн бұрын айтып өтті, жаңағы үнді штамы дейді, оның да әсері шығар, халық қазір өзі қайтадан белсенділік танытып, келу басталып жатыр. Және де біраз ынтыландыру шараларынан ауданымыздың белсенді азаматтары қалыс қалмай жасап жатыр.

Егер Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатсаңыз өз денсаулығыңыз үшін екпе салдырып, бағыңыз жанса, пәтер ұтып алуыңыз ғажап емес. Бүгін қала әкімі Алтай Көлгінов осындай ақпаратты жариялады. Ұтысқа вакцинаның алғашқы компонентін 25 маусым мен 31 тамыз аралығында салдырған 18 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Жеңімпаз қыркүйекте белгілі болады. «Ұжымдық иммунитетті қалыптастырмай қауіпті індетті ауыздықтау қиын», - дейді мамандар. Сондықтан алдағы уақыттада ынталандыру шаралары жалғаса бермек.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов, Аймақтағы тілшілердің көмегімен

Сондай-ақ...