«Мерейлі отбасы» байқауына Шымкенттен 100-ден астам отбасы өтініш білдірген

Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы! Әулеттің ғибратқа толы ғұмыры мен жарасымды жанұяның ізгі қасиеттері көпке үлгі болуы тиіс.

Осы мақсатта ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына Шымкент қаласынан 100-ден астам отбасы өтініш білдірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі таңда ауданаралық іріктеу жүріп жатыр. Отбасылық байқаудың үздіктері қалалық, одан кейін республикалық кезеңде бақ сынайды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Бердіқожаевтар әулеті еңбегімен еселі байлыққа кенеліп, көпшілікке әрдайым көмек қолын созатын қайырымды жандар. Талай жыл мемлекеттік қызметте абыройлы жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан Сәуле Бердіқожаева ұл-қызын қатарынан кем қылмай өсіріп-жетілдірді. «Бар байлығым балаларым» деп тәрбие мен сапалы білімге баса мән берді. Енді тамаша үйлескен татулықты жанұяның басты бақыты деп санайды.

Сәуле Бердіқожаева, «Мерейлі отбасы» байқауының үміткері:

- Қазақстан деген алып ел. Оның шаңырағына қадалған әрбір уық мықты болса, сол елдің шаңырағы шайқалмайды. Әрбір отбасының керегесі мығым болуына шақырамын.

Ал, Үсеновтер отбасының ұлттық болмысқа негізделген тәлім-тәрбиесі өнермен астасып жатыр. Мұндағы ұл-қыздың барлығы түрлі аспапты меңгеріп, шебер орындайды. Тіпті халықаралық байқауларда топ жарып, үздік атанып жүр.

Қайыржан Үсенов, «Мерейлі отбасы» байқауының үміткері:

- Бәрі де өнерлі мен өте қуаныштымын. Қыздарым аспаптарда ойнаған кезде өзімнің жаным рахат табады. Мен қуанамын. Мен бақыттымын.

Қазір байқаудың комиссия мүшелері өтінім қалдырған жанұя мүшелерімен тілдесіп, үздіктерін анықтап жүр.

Баймырза Адамбек, Абай аудандық халықты әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету бөлімінің басшысы:

- Бұл байқауды өткізудегі басты мақсат – отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы институтын ары қарай дамыту және өзге халыққа осыны жеткізу болып табылады.

Қатысушылар шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызын ерекше түсінеді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының көздегені де осы.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов