«Хабарлықтарға» пәтер кілттері табысталды

«Хабар» агенттігінің қызметкерлері қоныс тойын тойлады.

Бұқаралық ақпарат құралдары күні қарсаңында үлкен телеотбасы мүшелері елорданың қақ ортасынан баспаналы болды. Агенттік өз қызметкерлеріне пәтерлерді кейін сатып алу мүмкіндігіне ие болатын жүйе арқылы берді. «Хабар» осылайша, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында қызметкерлеріне ерекше сый жасады.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- «Хабар» агенттігі ерекше мүмкіндікпен ұсынған баспана иелерінің бірі – Достық Талғатұлы. Оның «Хабар» арнасында қызмет еткеніне 10 жылға жуықтады. Еңбегінің жемісі болар, елорданың перспективалы ауданында орналасқан «Хабар» тұрғын үйінен үш бөлмелі пәтерге ие болды.

Достық Талғатұлы, «Хабар» арнасының шығарушы редакторы:

- Мына жерде қонақ күтетін бөлме. Мына жақта балалардың бөлмесі, анамыздың бөлмесі. Өзім «Хабар» арнасында 9 жылдан бері еңбек етіп келе жатырмын. Соны ескеріп, осы көп балалы отбасы екенімді елеп, 3 бөлмелі пәтер беріп жатыр. Өзіміз журналист болғаннан кейін жұмыс бабымен көптеген отбасылардың баспаналы болып жатқан сәтіне куә болдық. Қуаныштарын көрдік. Оны өзіміздің эфир арқылы бердік. Міне, бүгін өзім де сондай қуанышты сәтте тұрмын.

Көп балалы отбасының қуанышында шек жоқ. Әріптесіміздің анасы да «Хабарға» деген ақжарма тілегін жеткізді.

Шынар Бекбаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Әкесінен 6 жасында қалып еді. 27 жыл болды әкесінің қайтқанына. Енді ұлым еңбегінің арқасында үй алып, менің төбемді көкке көтеріп, төрт бірдей немере сыйлап, Аллаға шүкір. Бүгінгі күні қатты қуанып отырмын.

Жаңа үйден пәтерлі болған хабарлықтардың кілтін Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева арнайы табыстады. Мәртебелі меймандар «Хабар» агенттігінің мұндай көмегін ерекше атап өтті.

Дәурен Абаев, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

- Менің ойымша, қалған телеарналар «Хабар» белгілейтін деңгейге жетуге ұмтылады. Бүгінгі іс-шара «Хабар» тек ақпарат беріп қана қоймай, өз кадрларына қамқорлық жасайтынының жарқын дәлелі.

Тұрғын үй кешені салынған жер учаскесі агенттікке тиесілі. Ал, үй салудың барлық шығынын құрылыс компаниясы көтерген. Айналасы 8 ай ішінде салынып бітті. Нарықта әр шаршы метрі 380 мыңнан сатылатын пәтерлер агенттік қызметкерлеріне 270 мың теңгеден сатылды. Пайызсыз бөліп төлеумен алғандары да бар.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық  даму министрі:

- Өздеріңіздің кәсіби мерекелеріңіз қарсаңында сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Қуаныш қуанышқа толып отыр. Себебі әр адамның бақытты отбасының кепілі – ол өзінің шаңырағы. Сондықтан бүгін осы баспаналы болған жандарға осы баспанада әр үйде шаттық пен қуаныш толы болсын деп тілеймін.

Жерасты паркингі бар 10 қабатты заманауи ғимараттан 200-ден астам қызметкер баспаналы болды.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Қызметкерлерге тұрғын үй сатып алуға көмектесу үшін біз агенттіктің активінде тұрған жер учаскесін алмастырдық. Оның орнына құрылыс компаниясы тұрғын үй кешенін салып берді. Яғни, үй салудың барлық шығындарын серіктес көтерді. Пәтерлердің бір бөлігін біз ақысыз, екінші бөлігін жеңілдік шарттарымен алдық.

Айта кету керек, «Хабар» Агенттігі» өз қызметкерлеріне үнемі әлеуметтік қолдау білдіріп отырады. Нақтырақ айтсақ, 2008 жылдан бастап баспанаға мұқтаж жұмысшыларға қызметтік жатақханадан бөлмелер берді. Ал, 2017 жылы пәтер типтес жатақханаға көшірген. Осылайша, «Хабар» қызметкерлерінің жұмыс істей жүріп, өз баспанасына біртіндеп қаржы жинауына үлкен мүмкіндік берді. Ал, бүгін тұсауы кесілген «Хабар» тұрғын үйі хабарлықтар үшін бақыт мекеніне айналары сөзсіз.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ержан Қанапияұлы