Сарапшы: Қазақты қайтсек көбейтеміз?

Шет елдерде жүрген қазақстардың саны 6 миллионнан асты.

Көші-қон саласын зерттеп жүрген маман осылай дейді. Ал Қазақстанда тұратын қазақтардың үлесі 70%-ке жуықтап қалған. Бірақ Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «бұл – жаңсақ дерек» деп отыр. Қазақтар бұдан да көп болуы мүмкін екені айтады. Ұлт санын кемітіп көрсету кімге керек?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Қазақ өзі қанша болды? Ұлттық статистика бюросынан осыны сұрадық. Берген мәліметі мынау.

Қазақстандағы қазақтардың үлесі 69%-ке жеткен. Одан кейін орыстар келеді. Сосын өзбектер көп. Қазақтардың дені қай жақта дейсіз ғой? Қызылорда өңірінде. Атырау мен Маңғыстауда тұрып жатқандардың 90%-тен астамы қазақтар. Ал Солтүстік Қазақстан облысын қоныс еткендердің 30%-і ғана біздің қандас. Қалғаны басқа этнос өкілдері.

Әсем Алданғарқызы, ҚР Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысы:

- Туғандардың саны бізде соңғы жылдары артып келе жатыр. Мысалы осыған дейін «суммарный коэфицент рождаемости» деген көрсеткіш бар, сол бізде 2-2,25%-ті көрсетіп келе жатса, соңғы жылдары 3%-тен асты.

Әйелдер жиі босанатын болды деген пікірмен әлеуметтанушылар келіспейді. «Қайта қызмет қуып, мансап ойлайтын келіншектердің саны артып жатыр», дейді олар. Сосын бізде дәм-тұзы жараспай жатқандардың жиілеп кеткенін айтып қалды. Жыл басынан бері 32 мыңнан аса неке тіркелген, солардың 4,5 мыңға жуығы жыл өтпей ажырасып үлгеріпті.

Ерсінбек Арғынбек, әлеуметтанушы:

- Әрбір үйленген 100 жастың 7-еуі бір жылға жетпей ажырасып кетіп жатыр екен. Мұның өзі бала туу көрсеткішін өте төмен деңгейге алып барады. Мотивация жеткіліксіз. Басқа мемлекеттерді қарайтын болсаңыздар, әрбір туған балаға берілетін жәрдемақы көлемі біздің елмен салыстырған кезде әлдеқайда жоғары.

Қазақты көбейтудің екі ғана жолы бар. Әуелгісі – әлгінде айтқан бала туу көрсеткішін жақсарту. Екіншісі – шетте жүрген қандастарды елге жаппай көшіру керек. 

Сырымбек Төлеу, көші-қон саласын зерттеп жүрген маман:

- Алты миллионан асты шетелдегі қандастарымыз. Олардың ішінде қазір көп тұрып жатқан қандастарымыз мынау Өзбекстанда, сосын Қытайда, Ресейде, Моңғолияда. Ал Еуропа елдері мен Түркияда тұрып жатқан қазақтар соншалықты көп емес.

Шетте жүрген 6 миллион қандас бар деді. Солардың 1 миллионнан астамы тап қазір Қазақстанға қайтып келуге дайын. Бірақ көшіру қиын болып тұр. Мемлекеттен квота аз бөлінеді. 

Сырымбек Төлеу, көші-қон саласын зерттеп жүрген маман:

- Қазір мемлекет тарапынан шеттегі қандастарға, этникалық қазақтарға бөлінген квота көлемі 15 МРП дейді. 92 мың 800 теңге.

Бұл көлге тамған тамшыдай ғана. Содан шығар, өзге елдерде жүрген қандастарымыз атамекенге келуге асықпайды. Бізде азаматтық алу да оңай емес. Құшақ-құшақ құжат жинауың керек.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ресейде, Израильде азаматтық алғанда бір-ақ құжатпен алады екен. Ал бізде 48 құжат жинайды екен. Сен бірінші құжатты жинап, 48-ші құжатқа жеткенге дейін бірінші құжаттың мерзімі өтіп кетеді. Сонымен шерменде болып жүргенің. Содан кейін адамның саны қалай азаймасын? Бұл әдейі қолдан да жасалуы мүмкін.

Мәжліс депутаты Қазыбек Иса елдегі қазақтардың үлесі 70%-ке жуықтады дегенге келіспейді. «Одан да көп болуы мүмкін», - деп отыр. Тіпті 80%-ке таяп қалды дегенді айтып қалды. Сонда қазақты кемітіп көрсету кімге керек?

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұған кедергі жасап отырған біздің мемлекеттік қызметте отырған, бірақ мемлекеттік тілді білмейтін шешуші орындардағы осындай адамдар бар. Парадокс емес пе, әлемде мұндай бар ма? Біз олардың аттарын да білеміз кейін. Осы кедергідер тоқтамаса, біз кейін соларды әшкерелейміз.

Елді осылай түлкібұлаңға сала берсе, қазақ санына жетпейміз. Ал қайтсек көбейте аламыз дегенді әлгінде мамандар айтты. Мемлекет отбасын құрғандарға қолдау көрсетсе, атамекенге аңсары ауып отырғандарды демеп жатса, қазақ қалай көбеймесін?!

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Жандос Битабаров, Жандос Сұлтанғазы