Мойынқұм ауданында мыңдаған гектар жайылым мен шабындық жойылып барады

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында мыңдаған гектар жайылым мен шабындық жойылып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзенді жағалай қоныстанған ел суды егінжайға бұрып алады. «Бұл экожүйені бұзып, табиғатқа орасан зор залал келіп жатыр», - дейді мамандар. Алайда, шаруаларда да басқа амал жоқ. Шу өзені жалғыз тіршілік көзі.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Біз қазір Шу өзенінің арнасында тұрмыз. Көріп тұрғандарыңыздай, төменгі жағында мүлдем су жоқ. Себебі шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету үшін өзен 6 жерден байланады. Ал суды бұру үшін әр бөгетке кемінде 20 мың текше метрге дейін өзеннің табанына құм төгіледі. Бұл экологияға орасан зор зиян. Ал бұл жұмыстарға жылда кемінде 24 миллионнан 31 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Ал суару маусымы аяқталған соң бұл бөгет суға ағып кетеді.

Өзен табанымен көшкен мыңдаған текше метр құм төменгі жақтағы шабындық пен жайылымдарды жойып барады. Қазірдің өзінде 10 мың гектардан астам жерді қайыр басып кәдімгі шөлге айналған. Жергілікті әкімдік егін еккен шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету үшін мұндай қадамға амалсыз барып отырғандарын айтады. Су шықпаса, аудандағы 5 мың гектардан астам алқап күйіп, онсыз да қуаңшылықтан қурап отырған диқаншылар шығынға ұшырайды.

Қызыр Елеусізов, Мойынқұм аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Біз мына «дедовский методпен» байлап жатырмыз ғой. XXI ғасырда. Енді қараңыз, мұншама құмды бізді мынаған салып, ағызып жібереміз. Арғы жағындағы жайылым жерлерді біз қазір бұзып жатырмыз. Барсаңыз, шұңқыр деген керемет. Мына құмның бәрін жерден қазып жатырмыз ғой. Оның экологиялық жағы бар. Апаттың жағдайына алып келіп тұр. Енді бір 10 жылда шабындыққа бай Мойынқұм ауданы шабындыққа біз жарамаймыз.

Жергілікті шаруалар мал азығын дайындау жылдан жылға қиындап бара жатқандығын айтады. Биыл шөптің де бағасы шарықтап кеткен. Егіс алқаптарын ұлғайтуға шаруаларда жер де, мүмкіндік те бар. Алайда тұрақты судың болмауынан тәуекелге бармай отыр.

Бағдатбек Асқаров, шаруа:

- Су болатын болса көбейтеміз ғой. Суды ойлап қорқып тұрмыз ғой. Су болса 20, 30 тіпті 100 гектарға дейін егуге болады. Барлығы суға келіп тіреледі. 3-4 күнде суғармасақ болды құлайды ғой сарғайып.

Қазір бұл проблема өткір тұр. Шу өзенінің бойына екі жерден су реттегіш гидроқондырғы орнату қажет. Бұл бүтін бір аудан тіршілігін сақтап қалумен тең. Алайда бұған қыруар қаражат қажет. Бұл мәселені аудандық ауыл шаруашылығы саласының мамандары зерттеп, көтерген.

Қызыр Елеусізов, Мойынқұм аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Қызылордада да осындай бөгеттер бар екен деп ол жақтан сметасын алып келдік. Өзіміздің облыстан шыққан Сенат депутаттарды шақырдық ауданымызға. Олар келіп көрді. Сметаға 49 миллион ақша керек екен. «Бірақ сіздер осының жұмысына рұқсат алыңыздар. Сметаға ақша қарастырамыз. Ертең рұқсат болмаса жұмысына ертең 49 миллион теңге құмға сіңген судай болады ғой», деп уәж айтып кетті.

Құрылысқа рұқсатты Экология министрлігі беруі тиіс көрінеді. Енді жұрт министрліктен арнайы жоба әзірлеп, мәселені шешуге көмек сұрап отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Тимур Сейілхан